Alash Media Group медиахолдингі Pantograph продюсерлік орталығымен біріге отырып, #КвартирникTengri онлайн-концертін жалғастырады. Бүгін, яғни 15 сәуір, сағат 20.00-де қазақстандық Melomen тобы Tengri TV YouTube арнасында жанды дауыста ән шырқайды.
Топ мүшелері Қайрат Мырзаханов, Ролан Қазретов, Ғабит Бибасыұлы Tengri TV YouTube арнасына сұхбат беріп, карантинде не істеп жатқанын және онлайн-концерт кезінде қандай әндер орындайтынымен бөлісті.
- Карантинге дейін үйде болған жоқпыз, концерт, гастроль, түсірілім. Ал қазір үйдеміз. Бүкіл халық қазір үйде. Уақытымызды туған-туыстарымыз бен жанұямызға арнаудамыз. Ал бос уақытта спортпен, вокалмен айналысамыз. Репетиция жасаймыз, - дейді әншілер.
Бүгін, 15 сәуір – Ғашықтар күні. Әншілер де Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күніне орай онлайн-концерт қоймақ.
- Бүгін Tengrinews.kz инстапарақшасында сағат 20.00-21.00 аралығында өздеріңізді сүйікті әндеріңізді орындамақпыз, - дейді әншілер.
Әншілер карантин кезінде бос жатпай онлайн курстарға қатысып, кітап оқып, спортпен айналысуға кеңес берді.
- Танымал блогерлар мен кәсіпкерлер әлеуметтік желіде тікелей эфирде түрлі курстар мен сабақтар өткізіп, кеңестерімен, бизнес сырларымен бөлісуде. Соларға қатысып, білім жинаудың маңызы зор. Болашақ мақсатыңыз бен істеріңіз көмегі көп болуы мүмкін, - дейді әншілер.
Әңгіме барысында шоу-бизнес өкілдері азаматтарға өзі мен өзгелердің өміріне жауапкершілікпен қарауға, үйде отырып, карантин шараларын ұстануға шақырды.
Melomen тобы 2007 жылы құрылған. «Шабыт», «Жас Қанат» байқауларына қатысып жүлдегер болған. Топ репертуарында "О, Махаббат", "Арман Шағала", "Қайда", "Тәтті Сезім", "Күн нұрлы ханшайым" сынды әндері бар.
#КвартирникTengri жобасы COVID-19 инфекциясымен күресу шараларын сақтануға шақыратын әлеуметтік бастама. Бұған дейін жобада Urker тобы, Motor-Roller рок-группасының лидері Ильяс Аутов, әнші Son Pascal және BluesMotel тобы, әнші Ayree, Argymak этно-тобының фронтмені Ринат Рамазанов, "Конец фильма" тобының әншісі Евгений Феклистов, «Украина дауысы» шоуына қатысқан Ерлан Байбазаров мен Индира Еділбаева өнер көрсетті.