"Бүгін -31 градус болады". Екібастұз тұрғындары жылусыз қалды

"Бүгін -31 градус болады". Екібастұз тұрғындары жылусыз қалды
Фото: salem.su

Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС-ға сілтеме жасап.

Компания хабарына қарағанда, 27 қарашада сағат 01:20-да №11 қазанагрегат тоқтап қалған. Сағат 01:30-да желілік судың көп шығындалуына байланысты №13, 14, 15 қазандық агрегаттары жұмыс істемей қалды.

"Қазіргі уақытта №8 және №14 қазанагрегаттары іске қосылып жатыр. Жөндеу бригадалары ұйымдастырылды. Жақын арада параметрлері қалпына келтіріледі. Қала, облыс, "ПАВЛОДАРЭНЕРГО" АҚ жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетіп жатыр", - делінген хабарламада.

Коммуналдық қызмет жағдайды ушықтырмау үшін қала тұрғындарынан желілік суды ағызбауды сұрады. "Құбырлар толығымен салқындап, үй жалпы жылу жүйесінен ажыратылған жағдайда ғана жүйеден желілік суды ағызу қажет", - деп түсіндірді "Екібастұзжылуэнерго" өкілдері.

Залал туралы ақпаратты +7 701 705 49 57 нөміріне диспетчерлік What’sApp қызметіне дереу жіберу қажет.

"Қазіргі таңда тұрғындардың жылумен қамту жағдайын тұрақтандырудағы басты көмегі - жылу желілерінің зақымдануы туралы ақпарат. Іске қосылғаннан кейін тұрғындарға жылу құбырларын тарту және ақауларды жою бойынша көмек қажет болады", - деп түйіндеді коммуналдық қызмет өкілдері.

Айта кетейік, Gismeteo мәліметінше, бүгін Екібастұзда ауа температурасы 31 градусқа дейін төмендейді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш