Адамдар әдетте сергу үшін кофе ішеді. Осылайша, бұл сусын шаршаған адамға қуат береді деген жаңсақ түсінік пайда болған. Шын мәнінде, кофеин ағзаға жаңа ештеңе әкелмейді, ол бұрын болған нәрсенің айналымын жақсартады. Бұл туралы РИА Sputnik-ке берген сұхбатында психотерапевт, диетолог Сергей Обложко айтты, - деп хабарлайды Tengri Lifestyle.
"Адамдар кофені энергия көзі деп ойлайды. Мысалы, "шаршасам, күшім болмаса, қуат алу үшін кофе ішсем жеткілікті" деп санайды. Бұл дұрыс емес. Кофеин ішкі энергия қорын іске қосады. Бұл жасушалардың жұмысын тездетеді, бұрыннан бар қордан жасушалар энергияны тез өндіреді. Химия тұрғысынан бұл - энергия көзі емес, метаболизмді (зат айналымын) жүргізетін стимулятор", - деп түсіндірді Сергей Обложко.
Дәрігер кофенің ағзаға тигізетін әсерін түсінбеу көп зиян тигізуі мүмкін екенін ескертті.
"Адамдар кофенің қалай жұмыс істейтінін түсінбейді әрі оны дұрыс пайдаланбайды. Кейбіреулер ағзада ішкі энергия көздері қалмаған кезде және шамадан тыс шаршаған сәтте өздеріне кофеинмен күш береміз деп ойлайды. Бұл жағдайда әсер керісінше болуы мүмкін. Энергияның орнына назарыңыз басқа жаққа ауып кетеді, жағымсыз әсер сезінесіз. Жүргізушілерде бұл жиі кездеседі, олар "кофеин көмегімен энергия аламыз" деп ойлайды, ал оны ішкеннен кейін бірден ұйықтап кетеді", - деді ол.
Маманның сөзінше, адам қатты шаршап тұрса, ұйықтағаны дұрыс, көп мөлшерде кофе ішпеуі керек.