Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Ресей мен Украинаны Қара теңізді әскери қақтығыс алаңына айналдырмауға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Анадолы" агенттігіне сілтеме жасап.
"Қара теңізді есеп айырысу алаңы ретінде қарастыруға болмайды. Мұндай жағдай Ресей мен Украинаға тек зиян келтіріп, ешқандай пайда әкелмейді. Қара теңізде кеме қатынасының қауіпсіздігі бәріне қажет. Ол қамтамасыз етілуге тиіс", - деді түрік көшбасшысы 13 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путинмен кездескеннен кейін.
Ердоған Путинмен кездесуден кейін АҚШ президенті Дональд Трамппен де бейбіт жоспарды талқылауға мүмкіндік туады деп үміт білдіріп, Украинада жақын уақытта бейбітшілік орнауы ықтимал екеніне сенім артты.
"АҚШ президенті Дональд Трамп бұл мәселеге араласып отырғанын білесіздер. Оның қатысуымен қатар біз Американы да ынталандырып келеміз... Көшбасшылармен кейде телефон арқылы да сөйлесіп тұрамыз. Путинмен осы кездесуден кейін Трамппен де бейбіт жоспарды талқылауға мүмкіндік туады деп үміттенемін. Бейбітшілік алыс емес. Тек бағытты бейбітшілікке қарай бұру қажет", - деді ол.
Осы күні Түркия Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мен Киевті Қара теңіздегі ұрыс-қимылдарды тоқтатуға шақырды. Анкарада Одесса облысындағы Черноморск портына жасалған кезекті ресейлік соққы салдарынан шетелдік кеменің зақымданғанын атап өтті.
"Алдын ала мәліметтер бойынша, экипаж бен жүк көліктерінің жүргізушілері эвакуацияланды, Түркия азаматтары зардап шеккен жоқ", - деді ведомство.
Бұған дейін Киев Одесса облысындағы порт инфрақұрылымына жасалған ресейлік әуе соққысы салдарынан түрік кемесі зақымданғанын мәлімдеген. Түркияның Cenk кеме қатынасы компаниясының дерегінше, кеме жеміс-жидек, көкөніс және басқа да азық-түлік тасымалдаған.
Кейінгі апталарда Қара теңізде ресейлік жүктері бар кемелерге бірқатар соққы жасалғаны хабарланды (DW). Атап айтқанда, 2 желтоқсанда Түркия жағалауынан шамамен 80 теңіз милі қашықта Ресейден Грузияға жүк алып бара жатқан Midvolga 2 танкеріне шабуыл жасалғаны айтылған.
28 қарашада Қара теңізде Босфор маңында Гамбия туы астындағы Kairos және Virat атты екі танкерге шабуыл жасалды. Reuters мәліметінше, екі танкер де Ресейдің "көлеңкелі флотына" жатады және Батыс санкцияларына іліккен.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!