Ғалымдар балаға теледидарды неше жастан бастап және қаншалықты жиі көрсетуге болатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Marieclaire.ru сайтына сілтеме жасап.
Америкалық балалар мен жасөспірімдер психиатрия академиясы балаларға бірінші рет теледидар мен кез келген басқа гаджеттерді бір жарым жастан бастап көрсетуге болатынын айтты. Ересектердің қадағалауымен мультфильмдер мен танымдық бейнелерді күніне бірнеше минуттан көрсетіп бастаңыз. 2-5 жас аралығындағы балалар экран алдында жұмыс күні 1 сағаттан, ал демалыс күндері 3 сағаттан артық отырмауы керек.
6 жастан асқан оқушыларға смартфонда, компьютерде, планшетте және теледидарда медиа-контентті көруге байланысты дұрыс әдеттерді қалыптастыру керек. Мысалы, ұйықтарға бір сағат қалғанда барлық экранды өшіру керек және бала өміріндегі тепе-теңдіктің сақталуын қадағалау керек. Яғни бала өмірінде гаджеттерден басқа, физикалық белсенділік, хобби және отбасына, достарына арналған уақыт болуы керек.
Экран алдында көп отыру ұйқының бұзылуына, мектептегі үлгерімнің нашарлауына, салмақ және көңіл күй проблемаларына әкелуі мүмкін.
Жетекші нейропсихологтардың бірі - Альваро Бильбао да балалардың экран алдында өткізетін уақытын шектеу керегін айтады. Ол өзінің "Балаңыздың миын түсіну" атты кітабында жас балалар ұялы телефон, планшет немесе компьютер экрандарының алдында көбірек уақыт өткізген сайын зейін нашарлауы, депрессия және тәуелділік сияқты психологиялық және мінез-құлық проблемаларының қаупі арта түсетінін атап өткен.