Бітімгерлік миссияда әскери қызметкер қаза тапса, отбасына қандай көмек көрсетіледі?

Бітімгерлік миссияда әскери қызметкер қаза тапса, отбасына қандай көмек көрсетіледі?
Фото: Massaget.kz

Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Олжас Құсайынов бітімгерлік миссия барысында көз жұмған әскери қызметкердің отбасына БҰҰ 77 мың доллар көлемінде көмек беретінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына алғашқы болып 139 қазақстандық әскери аттанады. Олар Голан биіктігінде әскери міндетін орындайды.

"Қазақстан әскері Голан биіктігіне (Израль мен Сирия шекарасы) барады. Ротада 139 адам болады. Қазақстан әскерінде 15 бронды көлік, 6 арнайы көлік, 4 КамАЗ, 1 микроавтобус болады. Техника БҰҰ ұсынысы негізінде іріктеліп алынды", - деді басқарма басшысы Парламенттің бірлескен отырысынан соң.

Олжас Құсайынов бітімгерлік миссияда әскери қызметкер қаза тапса, оған көмек берілетінін жеткізді.

"Заңнамаға сәйкес, көз жұмған әскери қызметшінің отбасына 60 айлық жалақы көлемінде ақша беріледі, ал Біріккен Ұлттар ұйымы 77 мың доллар (34 млн 795 мың теңге) береді. Сарбаз мүгедек болып қалса, жарақат алса, онда арнайы комиссия құрылады. Олар қандай көмек беру керектігін анықтайды", - деді ол.

Оның айтуынша, Таяу Шығысқа баратын 139 әскердің арасында 7 әйел бар. Бұған Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов түсінік берді.

"Олардың арасында әскери медиктер, аудармашылар мен техникалық қызметкерлер бар. Әскерде "қыз" деген түсінік жоқ. Онда әскери қызметтегі әйел деген түсінік бар. Олар да әскер қызметкерлердің міндетін атқарады", - деді ведомство басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан әскері Таяу Шығыс пен Оңтүстік Суданға жіберілетіні хабарланған еді.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz