Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері жолда қиындыққа тап болған шетелдік ер адамға көмек көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға Ақтөбе – Астрахань тасжолында болған. Қызмет барысында полицейлер қатты жел мен жаңбырға қарамастан жолын жалғастырып бара жатқан ер адамды байқаған.
Шетелдік ер адам Қырғызстанның Бішкек қаласынан ұмра қажылығын өтеуге жолға шыққан. Алайда ауа райының күрт бұзылуы оның сапарын қиындатқан.
Жолаушының жағдайын байқаған тәртіп сақшылары оған көмек көрсетіп, Темір ауданына қарасты Жақсымай ауылының маңындағы кемпингке жеткізген.
Енді ол ауа райы жақсарғанша сол жерде аялдап, сапарын қауіпсіз жалғастыра алады.
Осылайша, полицейлер алыс сапарға шыққан жолаушыны қолайсыз ауа райында жолда қалдырмай, дер кезінде көмек көрсетті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!