Бішкектегі студенттерге арналған жатақханалардың маңында жергілікті тұрғындар мен шетелдіктер арасында қақтығыстар болғаннан кейін 700-ден аса пәкістандық студент Қырғызстаннан өз Отанына эвакуацияланатын болды. Бұл туралы Пәкістанның сыртқы істер министрі Исхак Дар мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі kaktus.media-ға сілтеме жасап.
"Осы уақытқа дейін пәкістандық 130 студент елге оралуы үшін жұмыс істедік, ал бүгін елге оралу үшін тағы 50-ден аса студент тіркелді. Сонымен қатар, 540 студент коммерциялық рейстермен қайтады, Пәкістан әуе күштері де студенттерді Бішкектен қайтару үшін рейс ұйымдастырды. Ішкі істер министрі бұл студенттерді өзі қарсы алады", - деді сыртқы істер министрі 19 мамырда өткен баспасөз мәслихатында.
Ведомство өкілі жараланған пәкістандық студенттерді емдеу бірінші кезектегі міндет екенін айтты. Ол студенттерге қауіп жоқ екенін растап, бұл оқиға түсініспеушіліктен туындағанын айтты.
"Бішкектегі оқиға түсінбеушіліктен болды, салдарынан пәкістандықтар, үндістер, бангладеш және арабтар сияқты әртүрлі ұлт студенттері зардап шекті. Әлеуметтік желілерде жалған хабарламалар тарап жатыр, бұл жиіркенішті", - деді Пәкістан СІМ басшысы.
БАҚ мәліметінше, Қырғызстанда 11 мыңнан аса пәкістандық оқиды.
Айта кетейік, 18 мамырға қараған түні Бішкектің бірқатар ауданында наразылық акциялары өтті, олар 13 мамырда болған жаппай төбелеске қатысушылар үшін әділдік талап етті. Ол кезде Бішкек жатақханаларының бірінде шетелдіктер мен Қырғызстан азаматтары арасында қақтығыс болған еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!