- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бішкектегі митинг: шерушілер...
Бішкектегі митинг: шерушілер су қоймасын Өзбекстанға беруге қарсы петицияға қол қойды
Бішкекте Кемпір-Абад су қоймасын беруге қарсы митинг өтті. Шерушілер Ала-Тоо алаңына жетіп, онда су қоймасын беруге қарсы петицияға қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24kg сайтына сілтеме жасап.
Жиын барысында қатысушылар су қоймасын Өзбекстанға беру туралы шешімнің күшін жоюға шақырған баннерлер көтергені хабарланды. Сондай-ақ, жиналғандар бұрын қамауға алынған белсенділерді босатуды және саяси қудалауды тоқтатуды талап етті.
"Кемпір-Абад біздікі, қуғын-сүргін тоқтасын!" - деп ұрандады қатысушылар.
Бейбіт шерудің негізгі талаптары:
- Кемпір-Абад су қоймасы мен оның аумағы Қырғызстанның балансында қалуы керек.
- Кемпір-Абад су қоймасын айырбастау, делимитациялау және демаркациялау мәселелері мен жұмысы тоқтатылуы керек. Келісімді ратификациялау тоқтауы керек.
- Делимитация және демаркация жөніндегі мемлекеттік комиссияны қайта құру керек.
- Делимитация және демаркация мәселелері бойынша хаттамалар түгендеуге жатады және олар жалпыға бірдей жариялануы тиіс.
- Саяси қудалауды дереу тоқтату керек.
Құжат президент әкімшілігіне, Жогорку Кенеш пен министрлер кабинетіне ұсынылады деп жоспарланған. Акцияға 200-ден 300-ге дейін адам қатысқаны айтылды.
Еске салайық, 2022 жылдың 22 қазанында Кемпір-Абад су қоймасын қолдау комитеті құрылған болатын. Оның құрамына белсенділер, саясаткерлер мен депутаттар кірді. Сол күні "Кабар" агенттігіне берген сұхбатында президент Садыр Жапаров: билікте Кемпір-Абадтағы митингілер мен шерулер артында кім тұрғаны туралы ақпарат барын мәлімдеді. 23 қазанда жаппай тұтқындаулар басталды.
Бішкек қаласы мен Шу облысы аудандарында 21 адам УҰИ-ға қамалды. Парламенттің экс-депутаты Қанат Исаев та бір айға изоляторға қамалды.
Олардың үйлерінде тінтулер жүргізіліп, кейін белсенділер мен саясаткерлерге қатысты қамауға алу туралы қаулылар шығарылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан