Көкпардан Ұлттық құраманың жеке бапкері Нұрдәулет Момынов кешелі бері әлеуметтік желі арқылы көкпардағы ойынға өкпесін жазып жатқан қырғыз ағайындарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
БАҚ өкілдеріне арналған брифингте көкпаршылар көңілсіз отырды. Журналистердің дауға қатысты сұрақтары толастамаған соң, көкпаршылар бұған дейін қырғыздар тарапынан да бірнеше әділетсіздік болғанын жайып салды.
«Мұның алдында да талай жағдай болған. Өздеріңіз білесіздер, 2013 жылға Азия чемпионатында олар ренжіп кеткен жағдайлар бар. Одан кейін біз Қырғызстанда өткен көшпенділер ойындарына барған кезде біздің Әбуғали Әбдіжаппаровты Манас Ниязов арнайы шауып келіп, ұрып кеткен. Бір жарым сағаттың ішінде Әбуғали бір өліп, бір тіріліп, Бішкекке жеткізген кез болды. Біз соны жариялап, ойын алаңынан кетіп қалған жоқпыз. Ойыншыларымыз шок жағдайды бастан өткерді. Мен өзім сол кезде команда капитаны, ойыншы боп барғанмын. Бірақ ештеңеге қарамастан ойнап, 15:3 есебімен жеңілдік. Кеше бір жағдайға бола сонша байбалам салды. Ешкімнің басы жарылған жоқ. Қазақстан құрамасының ойыншылары жабылған болса, реніштері орынды болар еді», - деді Момынов.
Айтуынша, дүниежүзілік көшпенділер ойындары Түркияда өткенде қырғыз ағайынға сенеміз деп жеңіле жаздаған. Бірақ қазақ ойыншылары мұны желіде жариялап, өкпелемепті.
«Атқа мінген азаматтарды басу қиын. Мұның алдында Түркияда өткен ойында тең нәтиже көрсеттік. Астымызға берген орташа аттармен ойынға шықтық. Сол кезде 12 атымызды сайлап, айырқалпақты ағайын «бір ұшақпен ұшамыз» деп бізді соңғы уақытқа дейін сендіріп келді. Ойынға 10 күн қалғанда «біз бармайтық болдық, ұшақ бағасы қымбаттап кетті» деді. Сөйтсек, өздері сол жақтан аттарын сайлап, дайындап алған. Бізге берген аттары өте нашар еді. Мұны біреуіңіз білсеңіздер, енді біріңіз білмейсіздер. Содан Исламбек ағамыз Ыстамбұлдың басқа бөлігінен жақсы аттар тауып әкеліп, ойын аяқталуға жарты сағат қалғанда жеңіске жеткенбіз»,- деп пікір білдірді жеке бапкер.
Ұлттық құрама келесі жылы Қырғызстанда өтетін ойынға қатысамыз дейді.
«Барлықтарыңызды жеңіспен құттықтаймыз. Жеңілгенді мойындай білу керек. Көкпар мұнымен тоқтамайды ғой, өмір жалғаса береді. Бізде кезінде сол жаққа барып ойын ойнағанбыз. Келесі жылы да Қырғызстанда өтетін ойынға қатысамыз. Талай ол жақтың қонақжайлығын да, басқа жағын да көрдік. Бірақ жақсысын асырып, жаманын жасырдық. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде». Ағайын елміз, сыйласып жүргенге не жетсін?!», - деп түйіндеді сөзін Нұрдәулет Момынов.
Айта кетейік, 12 қыркүйек күні Астанадағы ипподромда көкпардан қырғыз-қазақ құрамалары финалға шықты. Ойын барысында жанжал орын алып, қырғызстандық көкпаршылар марапаттау рәсімінен кетіп қалды. Бүгін дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты өтті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!