Бірыңғай уақыттың адамға әсерін зерттеу құны 54 миллионға қысқартылды

Бірыңғай уақыттың адамға әсерін зерттеу құны 54 миллионға қысқартылды
Фото: midjourney

Бірыңғай уақыттың ел азаматтарына әсерін зерттеу құны да біршама арзандады. Басында бұл шараға 160 миллион теңге бөлу жоспарланған. Кейін ол сома 54 миллионға дейін қысқарыпты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ғылым және жоғары білім министрлігі зерттеудің аяқасты неге арзандап кеткенін түсіндірмеген.

Сайтында жарияланған 28 бет хабарламасында зерттеудің мақсатын егжей-тегжей түсіндіріпті. Яғни ғалымдар бірыңғай уақыт белдеуіне ауысу адам ағзасына психикалық, физикалық тұрғыда қаншалықты кері әсер етті деген сұраққа ғылыми дәлелмен жауап табуға тиіс.

Ол үшін мамандар еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын халықтың жаңа уақыт белдеуіне ауысқаннан кейінгі бейімделуін, жүрек, қан тамырлары, жүйке ауруларының өсу деңгейіне дейін қадағалайды.

Уақытты кері қайтаруға қатысты мәселеге де осы зерттеу нәтижесіне байланысты нүкте қойылмақ.

Еске салайық, бұған дейін Үкімет уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсерін зерттеуге 100 млн теңгеден астам қаржы жұмсамақ екені белгілі болған еді. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті. 

Бастапқыда 160 миллион теңгеге өтінім түскен, бірақ қаражат қысқаруы мүмкін екені айтылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина