Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Сот Елжан Амантайұлы Біртановты Қылмыстық кодекстің 361-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық үшін санитариялық авиацияның әуе кемесін пайдалану эпизоды бойынша оның іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмағаны үшін ақтауға үкім шығарды.
Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев Қылмыстық кодекстің 361-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағында ("Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану") көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және Біртановқа бес жылға бас бостандығын шектеу түрінде, Әбішевке 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалсын", - деді судья.
Ол мемлекеттік қызметте, судьяда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның ведомстволарында, Қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда және қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, оларға пробациялық бақылау белгілеуге қаулы етті.
Еске салайық, 2020 жылдың 25 маусымында Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртанов 2020 жылдың қарашасынан бері үйқамақта отыр.
Бұрынғы министр Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Адвокаттың айтуынша, құқық қорғау органдары іс бойынша бапты қайта саралаған.
"Қылмыскер емеспіз, заңды бұзған жоқпыз". Экс-министр Біртанов сотта соңғы сөзін айтты
11 қазанда Біртанов пен Әбішевке қатысты іс бойынша тергеу аяқталған болатын. Мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Шекеновтің сөзінше, мемлекетке 1 миллиард 548 миллион 136 мың теңге немесе 4 миллион 177 мың доллар көлемінде залал келтірілген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!