Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кінәсіз екенін міндетті түрде дәлелдеуге уәде берді. Ол бұл Жоғары сотқа және халықаралық соттарға жүгінбекші, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Екі нұсқа болды – күшін жою немесе сол күйі қалдыру. Өкінішке қарай, өзгеріссіз қалды. Біз қоғамға, халыққа мұның заңсыз шешім екенін, сот жүйесіз өткенін айтып та, дәлелдеп те келе жатырмыз. Біздің кінәлі екеніміз туралы ешқандай дәлел жоқ. Әрине, біздің аздап көңіліміз қалды, бірақ бұл сағымызды сындырмайды, өйткені біз, Олжас Әбішев екеуіміз – адал адамдармыз", - деді ол журналистерге берген сұхбатында.
Экс-министр өзінің кінәлі екенін ешқашан мойындамайтынын және соңына дейін күресетінін айтты.
"Бір анығы – өзімді Қаржылық мониторинг агенттігінің ойлап тапқан бұл қылмыстары үшін ешқашан кінәлі деп есептемеймін. Сондықтан біз соңына дейін күресеміз. Келесі кезең – Жоғарғы сот. Қазақстан Конституциясындағы бізге берілген мүмкіндіктің бәрін пайдаланамыз. Бұған қоса, халықаралық соттар бар, оларға да жүгінеміз деп отырмыз, өйткені істің халықаралық сипаты бар. Бұл іс негізінде халықаралық келісімшарт пен қарыз, халықаралық компанияның мүдделері қозғалады. Олар сонымен бірге аудандық соттың шешіміне үзілді-кесілді қарсы, талап-арыз бергісі келеді және біз халықаралық соттарда хорватиялық компаниямен бірге сот ісін жүргізіп, ешқандай заң бұзылмағанын, бұл біреудің ойдан шығарған қылмысы екенін дәлелдейміз", - деді ол.
Елжан Біртанов сонымен бірге осы уақыт аралығында өзін қолдағандарға алғыс айтты.
"Әділдік жеңетініне сенімдімін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, менің әріптестерімнің бәріне, ең әуелі, дәрігерлерге, сонымен бірге журналистерге, блогерлерге, қоғам қайраткерлеріне Олжас Әбішев екеуімізге 2,5 жыл бойы көрсеткен қолдауы үшін көп рақмет айтқым келеді. Өзімнің және отбасымнан атынан көп алғыс айтамын. Біз сөзімізде тұрамыз және кінәсіз екенімізді міндетті түрде дәлелдейміз", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты үкім өзгеріссіз қалғанын хабарлаған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!