Бірінші сынып оқушысына мектеп алдында не сыйлаған дұрыс? Ата-аналарға кеңес

Балаға 1 қыркүйекте сыйланған сыйлық - естеқаларлық тосынсый. Тіпті кішкентай ғана сыйлық қуаныш сыйлап, жаңа белестің естелігіне айналады. Massaget.kz тілшісі кеңес ұсынды. 

Қалай таңдау керек?

  • Бюджетті бағалаңыз. Өте қымбат сыйлық алудың қажеті жоқ, өйткені мектепке дайындықтың өзі қомақты шығынды талап етеді.
  • Ғалымдар зерттеуі бойынша, балалар заттай сыйлықтар көбірек қуанады. Ал әсерлі сыйлықтар (саяхат, спектакль) көбіне жасөспірімдерге ұнайды.
  • Канцелярияны сыйлыққа бермеңіз. Бұл ата-анаға ыңғайлы болғанымен, бала үшін тосынсый болмайды. Сыйлық ең алдымен баланың қуаныш сыйлауы керек.
  • Сыйлық балаларды ризашылық білдіруге де үйретеді. Мамандардың айтуынша, бала үшін сыйлықтың үлкен-кішісі маңызды емес, олар бәрібір қуанады.

15 сыйлық идеясы

  1. Жылтырақ моншақпен сурет салуға арналған жиынтық – ұсақ моторика мен шығармашылық қабілетті дамытады.
  2. Резеңкеден әшекей тоқу жиынтығы – бала қолөнерге әуестеніп, өзіне және достарына білезік жасай алады.
  3. Жарықпен сурет салу – қараңғыда арнайы қаламшамен сурет салуға болатын қызық ойын.
  4. Оригами жиынтығы – сүйікті жануарлардың қағаздан үшөлшемді бейнесін жасауға мүмкіндік береді.
  5. Антистресс ойыншық – демалуға көмектесетін жұмсақ ойыншық.
  6. Үстел ойындары – жеңіл әрі көңілді ойындарды бүкіл отбасы бірге ойнай алады.
  7. Кішкентай археолог жиынтығы – динозавр сүйектерін "қазып алып", жинауға болатын ойын.
  8. Кітап – бірге оқуға арналған ертегілер немесе баланың қызығушылығына сай энциклопедия (роботтар, ғарыш туралы).
  9. Күміс білезік – естеқаларлық әрі алғашқы әшекей болуы мүмкін.
  10. Мақта кәмпит жасау аппараты – баламен бірге тәтті дайындауға болатын көңілді сыйлық.
  11. Оятқыш – баланы мектепке өз бетімен оянуға үйретеді.
  12. Сүйікті кейіпкердің мүсіні – Гарри Поттер, Ninja Turtles секілді ойыншықтар.
  13. Әшекей жиынтық – шағын рюкзак, әмиян, стикерлер мен аксессуарлар.
  14. Ғылыми тәжірибе жиынтығы – мысалы, жасанды қар жасауға арналған ойыншық.
  15. Балаларға арналған смарт-сағат – кей мектептерде телефонға тыйым салынады, ал смарт-сағат баланың қай жерде екенін бақылауға және ата-анамен байланыста болуға мүмкіндік береді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!