Бірінші сынып оқушысы белгісіз сұйықтық ішіп қойған: Ақтөбе облысында комиссия құрылды

Бірінші сынып оқушысы белгісіз сұйықтық ішіп қойған: Ақтөбе облысында комиссия құрылды
Фото: elements.envato.com

Ақтөбе облысының Қобда ауданында бензин иісі бар сұйықтық ішіп, ауруханаға түскен бірінші сынып оқушысына қатысты оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр. Ресми мәлімет бойынша, жағдай мектептегі үзіліс кезінде болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, аудандағы мектептердің бірінде 2019 жылы туған бала бензин иісі бар сұйықтықты абайсызда ішіп қойған. Оқушы ауруханаға жатқызылды.

Әкімдік баланың дер кезінде медициналық көмек алғанын хабарлады. Ол облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауында болған. Кейін жағдайы тұрақталған.

"Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, бала қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды", – деп мәлімдеді әкімдік.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысты басқа да ақпарат тарап жатыр. Желі қолданушыларының айтуынша, мұғалім оқушының аузынан бензин иісін сезген, ал баланың өзі белгісіз сұйықтық ішкенін айтқан. Алайда педагог бұл туралы дәрігерлер мен ата-анасына бірден хабарламаған деген дерек тарады. Сондай-ақ баланың сабаққа қатысып, үйіне қайтқаны, кейін жағдайы нашарлағаны айтылып жатыр.

Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін білім басқармасы арнайы комиссия құрды.

Бұған дейін Алматыдағы гимназиялардың бірінде алты оқушы ауруханаға жатқызылған еді. Оқиға оқу орнындағы іс-шарадан кейін болған. Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың денсаулығының нашарлауы акт залында "құрғақ тұман" қолданылуымен байланысты болуы мүмкін.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек
Logotype Massaget