“Бірінші өздеріңді тазалап алыңдар“. Депутат Жаңбыршин жемқорлық туралы баяндама жасаған Антикор өкіліне

Фото: Видео кадры

Депутат Еділ Жаңбыршин Мәжіліс отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкіліне ескерту жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Мәжілісте "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы баяндалды. 

Жаңбыршиннің мәлімдемесі

Депутат Еділ Жаңбыршин бұл заңды құптайтынын, дегенмен құзырлы органдар бәрін өзінен бастау керек екенін айтты.

"Бәрі де дұрыс заң. Айтылып жатқан әңгіменің бағыты - жемқорлықты азайту. Ең бірінші жемқорлықты құқықты қорғау органдары өздерінен бастау керек. Бірінші өздеріңді тазалап алыңдар. Бірінші өздерің дұрыс жұмыс істеңдер. Өздерің параға итермелемеңдер. Сол кезде бәрі жақсы болады", - деді депутат.

Антикор өкілінің жауабы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов депутаттың сауалына жауап берді.

"Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне байланысты айтқаныңызға толығымен келісемін. Тек таза қызметкерлер жұмыс істеуі керек. Арнайы бөлімшелер, арнайы басқармалар бар. Бізге мәлімет берсеңіз, міндетті түрде тексереміз", - деді ол.

Айта кетейік, енді Қазақстанда жемқорлардың жария тізілімі пайда болады. Бұл туралы Мәжіліс отырысында белгілі болды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова