Әнші Сәкен Майғазиев "Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері" атағынан не үшін бас тартқанын еске алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы әнші "Хабар" телеарнасындағы "Компромат" бағдарламасында жауап берген болатын.
"Бір кездері Сәкен Майғазиевке "Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері" деген атақ берілуі керек болыпты. Сәкен бас тартыпты, "менің алдымда бірінші Мейрамбекке беріңдер, болмаса атақтарың өздеріңе" депті деген әңгіме жүр. Бұл қаншалық рас?", - деп сұрады журналист.
Сәкен Майғазиев бұл болған оқиға екенін айтты.
"Бәленбай жыл бұрын Айдар деген жігіт хабарласты, "Жас Отаннан". Маған "атақ ұсынайық деп едік, қоғамда белсендісіз, өнерде орныңыз бар, атақ ұсынғалы жатырмыз" деген кезде "Көңіл бөлгендеріңізге, сенім артқандарыңызға рақмет" деп едім "Онда осындай кезде белгілі бір орынға келіп, алып кетесіз" деді. "Алып кетесіз" деп жеке айтып тұр екен, мен "МузАРТ" жайлы айтып тұр екен деп ойладым. "Мейрамбек, бәріміз бе?" деп едім, "Жоқ, сіз ғана" деді. "Онда кешіріңіз, Мейрамбек, Тоқтарлар менің алдымда әлдеқайда еңбек сіңірді. Тіпті Досымжан, Саяттар менің алдымда қаншама тер төкті, Лұқпан Жолдасовтар тұрған кезде кеше келе салып, атақ алуға дайын емеспін, лайық емеспін. Бірінші жігіттер алсын, содан кейін аламын" дедім. Ниетіме қарай Мейрамбек "Еңбек сіңірген қайраткерді" алды, бір жылдан кейін маған ұсынды", - дейді әнші.
Еске салайық, бұған дейін "Құрмет" орденін алған Әли Оқапов Желідегі даудан кейін барлық марапатынан бас тартқан болатын.
"Соңғы кездері қызу талқыланып жатқан нәрселерді байқамағандай кейіп таныта алмаймын. Осы видео арқылы мен 32 жылда алған барлық музыкалық телеарналардың премиясынан, радиолардан, қоғамдық ұйымдардан, жеке жобалардан алған, жалпы барлық марапаттарымнан бас тартуды шештім. Мұны баяғыдан-ақ істегім келген. Себебі менің балама жеке бөлмесі керек, ал енді әлгі ауыр темірлерді (марапаттары-еск.) алып тастауға болады.
Мемлекеттік марапаттарға қатысты: наградаларда Қазақстанның мемлекеттік символикалары бар. Марапаттарды қайтару туралы заңды оқыдым, бірақ ештеңе таппадым. Ондай норма жоқ. Меніңше, олай ешкім де істеген жоқ. Сондықтан ол наградаларға қатысты құзырлы органдардың шешімін күтемін. Қандай шешім шықса, солай істеймін. Яғни менен талап етілетін нәрсенің бәрін істеуге дайынмын", - деген еді әнші.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!