Бірнеше танымал блогердің басы дауға қалды: мән-жайы

"Wildberries ханшайымы" атанған Алтынай Дидарқызы алаяқтық үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Танымал блогерлер осы дауға қатысты пікір білдірді. Бұған дейін Алматы соты Ішкі істер министрлігінен оның қызметін жарнамалаған блогерлердің іс-әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Сот анықтаған мәлімет бойынша Жәния Джуринская, Бейбіт Әлібеков, Әсел Асқар және Динара Жанықұлова (Сәтжан) сияқты танымал блогерлер Алтынай Дидарқызының бизнесі туралы ақпараттың анық-қанығын тексерместен, ақылы түрде оның қызметін жарнамалаған. Іс материалдарына сәйкес блогерлердің жарнамалары кәсіпкерге клиент тартуға көмектескен.

Джуринская Дидарқызы Wildberries арқылы байып, Esentai City тұрғын үй кешенінен пәтер алғанын айтқан, алайда сот оның мұндай пәтері жоқ екенін анықтаған. Әсел Асқар оқырмандары шағымданса да, кәсіпкердің өзінен сұраумен шектелген.

Соттың пікірінше, блогерлер күмәнді белгілерге қарамастан, жарнаманың шынайылығын тексермеген. Мәлімет бойынша олардың бұл әрекеті жәбірленушілер Дидарқызына сеніп, ақшасынан айырылуына әкеп соққан.

Сот Динара Жанықұлованың (Сәтжан) іс-әрекетіне тоқталған. Ол жағымсыз ақпарат алғаннан кейін жарнаманы өшіріп, ақысын қайтарып берген. Сот мұндай тәсілді дұрыс деп танып, өзге блогерлер де осылай істеуі керек еді деп көрсеткен.

Сот ІІМ-нен Джуринская, Әлібеков және Асқардың әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған. Бұл қаулы блогерлер кінәлі деп танылды дегенді білдірмейді.

Блогерлер не деп жауап берді?

Жәния Джуринскаяның адвокаты Асқар Қаймақов блогер бұл іс бойынша куәгер ретінде жауап бергенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жарнама ақшасын қайтару туралы сұраныс түспеген.

"Ол тергеуге көмектесуге дайын", - деді Джуринскаяның өкілі.

Жәния Джуринскаяның өзі әзірге жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ.

Тележүргізуші Динара Жанықұлова (Сәтжан) сотта жауап бергенін және жарнаманың ақшасын қайтарғанын мәлімдеді.

"Сот мен барлығын дұрыс істегенімді айтты. Ол қарыз болған оқырмандарым жазған бойда жарнаманың ақшасын қайтардым. Маған сұрақ жоқ", - деді ол.

Бейбіт Әлібеков пен Әсел Асқар әзірге пікір білдірген жоқ.

"Wildberries ханшайымының" ісіне қатысты не белгілі?

Алтынай Дидарқызы Wildberries-те табыс табу бойынша оқыту курстары мен қызметін жарнамалаған. Ол өзінің салтанатты өмірін көрсетіп, клиенттеріне табысты бизнес құруға көмектесуге уәде еткен.

Соттың анықтауы бойынша адамдар тауар алып, саудадан пайда көреміз деген үмітпен оған қомақты қаржы аударған. Алайда кейін олар не табыс, не салған ақшасын ала алмай жатқанын айтып, шағымдана бастаған.

Ол 2025 жылғы наурызда қамауға алынды. 2026 жылғы 29 мамырда Алматының Бостандық аудандық №2 соты оны аса ірі мөлшердегі алаяқтық үшін кінәлі деп таныды.

Сот Дидарқызын 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті, бірақ бала тәрбиелеп отырғандықтан, жазасын бір жылға шегерді. Ол үкім жарияланған күні қамаудан босатылды.

Сонымен қатар, сот оған бес жыл бойы маркетплейстерде оқытумен айналысуға тыйым салды.

Сондай-ақ, сот Алтынай Дидарқызына зардап шеккендерге 439 миллион теңгеден аса материалдық шығынды өтеуді міндеттеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!