Қазақстанның қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлеріне қол жинап, шөп жіберген Құрмет Талапқазы "Assyltas TV" каналына берген сұхбатында оқуын аяқтай алмай жүргенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Құрмет Талапқазының еңбегін елеп, экс-министр Асхат Аймағамбетов оқуға грант сыйлайды. Алайда қоғам белсендісі біраз сабақтардан қалып қойғанын айтты.
"Қазір ректор ауысып кетті ғой. Ректор өзі рұқсат беріп, "қоғамдық жұмыстарға шапқылап жүре беруіңе болады" дегеннен кейін де әр жаққа әртүрлі қоғамдық жұмыстарға жүгіріп жүрдім. Әртүрлі жаққа шақырды. Өзім де қоғамдық жұмыстарға біраз мақсаттар қойып, әрекет етіп, сабақтардан қалып қойдым. Екібастұзға барған кезде бірнеше рет сессияға қатыса алмай қалдым. Бірақ өткен жолы оның барлығын сөйлестім, "қайтадан жалғастырасың, дипломыңды береміз" дегендей болды. Онлайн оқып, кітаптарын алып, жалпы қазір оқып жүрмін. Бұйырса биыл дипломды аламын ба деп отырмын", - деді Құрмет Талапқазы.
Қоғам белсендісі болашақта кәсіп ашып, саудамен айналысқысы келетінін айтты. Ал қазір кішігірім жарнама және саудамен күн көріп жүр екен.
Ол қоғамдық жұмыстармен айналысуын жалғастырғысы келетінін жеткізді.
"Су тасқыны болды. Атырау, Оралға біраз адам көмектесті. Бірақ Торғай, Қостанай жақта да су кетті. Ол жақта құрылыс материалдары, басқа жағынан да ешқандай көмек барып жатқан жоқ екен. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" деп елге пайдалы қызметтер жасағым келеді. Қайырымдылық қорлармен бірлескім келеді. Бұйырса кездесулер болады", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!