Ішкі істер министрлігі медициналық препараттарды пайдаланатын 831 кәсіпорын мен ұйым тексерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тексеріс нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 303-бабы бойынша 11 қылмыс анықталған. Әкімшілік жауапкершілікке 134 адам, оның ішінде 70 медицина қызметкері тартылды. Сақтау шарттарын бұзғаны үшін 43 келі астам есірткі және психотроптық заттар, 5 мың дәрі және 20 мың ампула психобелсенді препараттар тәркіленді.
Лицензиялау нормаларын және оларды сақтау объектілерін техникалық нығайту талаптарын бұзғандықтан 5 мың тоннадан астам прекурсордың айналымы шектелді.
Мысалы тексеріс барысында Ақтөбе облысының өнеркәсіптік объектілерінің бірінің аумағында прекурсорлармен жұмыс жасау ережелері бұзылып сақталған 20 тоннадан астам күкірт қышқылы анықталған және тәркіленген.
Алматы қаласында медициналық ұйымды тексеру кезінде есірткі құралдарын сақтау және жою ережелерінің бұзылғандығы анықталып, онда 624 ампула промедол мен 825 ампула фентанил тәркіленді. Компанияның директорына қатысты қылмыстық іс қозғалды, бұл 160 АЕК дейінгі айыппұл немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жазаны көздейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!