Бірнеше күн үйде емдеген: Ақмола облысында қайнаған суға күйген бала ауыр жағдайда ауруханаға түскен

Ақмола облысында балалар арасында күйік шалу дерегі азаймай тұр. Күйген жерді өз бетімен емдемек болғандар одан да көп, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, бес жасар Алдияр осыдан бірнеше күн бұрын қайнаған суға күйіп қалған. Алайда ата-анасы баланы бірнеше күн бойы үй жағдайында емдеген. Жағдайы нашарлаған соң құтқарушылар оны тікұшақпен облыстық ауруханаға жеткізген.

"Күйген жерлері іріңдеп, көпіршіктене бастаған. Себебі ата-анасы науқасты бірден әкелмеген. Олар үш күн бойы сабын, түрлі жақпа май қолданып, өздері қараған. Салдарынан жағдайы қиындап кетті", - деді балалар ауруханасының хирургі Петр Редкозубов.

Ақ халаттылардың айтуынша, науқас жансақтау бөліміне жатқызылып, бірден ота жасалған. Кейін терісі трансплантацияланған.

Алдиярдың анасының сөзінше, ауруханада өткен 30 күн тұтас бір ғасырға созылғандай.

"Баламның жағдайы ауыр болды. Дәрігерлерге рақмет. Емдеп, жазды. Алғысым шексіз. Ойнап жүрген, шәйнектегі суды тартып қалып, соған күйіп қалды", - дейді баланың анасы.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде осындай диагнозбен 175 бала ем алған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз