“Миллиондарды екеулеп қалтасына басқан“: Астанада мектеп директоры мен бас есепшіге үкім шықты

Астанада мектеп директоры мен бас есепшіге қатысты атышулы іс бойынша сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты С. және А.-ға үкім жариялады. Олар бірнеше бап бойынша айыпталды.

Мән-жайы

Сот мәліметінше, С. мектеп директоры бола отырып, бас бухгалтер А.-мен бірлесіп, қызметтік өкілеттігін пайдаланған.

"Олар 2015 жылғы қазаннан 2024 жылғы тамызға дейін мекемеде іс жүзінде жұмыс істемеген алты еден жуушыны негізсіз табельге енгізіп отырған. Осылайша шамамен 29 млн теңге көлемінде қаражат ұрланған", - деп жазылған мәліметте.

Бұдан бөлек, С. 2015-2024 жылдар аралығында заңсыз әрі жеке өзі шешім қабылдап, 501 білім алушыға білім беру ақысына жалпы сомасы 183 млн теңге көлемінде жеңілдік беру туралы бұйрық шығарған. Мектеп жарғысына сәйкес мұндай жеңілдік қарастырылмаған, себебі оқу ақылы негізде жүзеге асырылған.

Сонымен қатар, 2018 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 31 мамырға дейін С. мен А. мектеп жанынан 0-сыныптарды ұйымдастырып, бақылау касса аппаратын қолданбай, ата-аналардан ақылы қызмет үшін қолма-қол ақша қабылдаған.

"Түскен қаражат мектептің есепшотына енгізілмеген, бухгалтер есебінде көрсетілмеген. Салдарынан 305 млн теңге көлемінде қаражат иемденілген", - деп жазылған мәліметте.

Сот мәліметіне сүйенсек, С. 2021-2024 жылдары жазғы лагерь үшін алынған, КГУ есебінде көрсетілмеген 25 млн теңгені де қолды қылған. Сондай-ақ, 2017 жылғы қазаннан 2024 жылғы мамырға дейін С. шетелдік мұғалімдердің жалақысын жасанды және негізсіз түрде көтеріп, делдалдар арқылы жалпы сомасы 75 млн теңге мектеп қаражатын иемденгені анықталған. А. 2017-2024 жылдары қылмыстық жолмен келген бюджет қаражатын заңдастыру мақсатында шамамен 176 млн теңгені жеке депозит шотына аударып, 9 млн теңге көлемінде сыйақы алған.

Сот отырысы

Айыпталушылар кінәні мойындамаған. Алайда олардың кінәсі жәбірленушінің өкілдерінің, куәлардың айғақтарымен, мамандардың қорытындыларымен және соталды тергеп-тексеру барысында алынған заттай дәлелдермен дәлелденген.

Сот үкімі

Жаза тағайындау кезінде сот мынадай жеңілдететін мән-жайды ескерген:

  • С. зейнет жасында болуы (65 жас);
  • А.-ның кәмелетке толмаған үш баласы болуы.

2015-2024 жылдар аралығында жасалған ауыр сыбайлас жемқорлықты, аса ірі мөлшерде өтелмеген залалды, қылмыс ұзақ уақыт бойы жасалғанын ескере отырып, сот мынадай үкім шығарды:

  • С.-ға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, екі қабатты тұрғын үйі, автотұрақ орны және зергерлік бұйымдары тәркіленді.
  • А.-ға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, көлігі, автотұрақ орны және зергерлік бұйымдары тәркіленді. Кәмелетке толмаған балалары болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасын өтеу 1 жылға шегерілді.

588 млн теңге көлемінде азаматтық талап қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!