Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізіледі және террористік қауіптің "сары" деңгейі белгіленеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанда 2-5 шілде аралығында маңызды халықаралық іс-шаралар, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі, Қытай Халық Республикасы Төрағасының мемлекеттік ресми сапары өтеді.
"Осыған орай әлемге белгілі тәжірибеге сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар келетін шетелдік делегациялардың, олардың ішінде мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар басшыларының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге толыққанды шаралар қабылдайды. "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" заңның 12, 13 және 15-баптарына сәйкес күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын өткізу кезінде терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы ретінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының шешімі бойынша Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының жекелеген учаскелерінде терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимінде құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қолдау іс-шаралары өтеді. Құқықтық режим 2 шілден 00.01-ден бастап 4 шілде 23.59-ға дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өткізілетін нысандар аумағына және күзетілетін тұлғалардың жүру бағыттарына орнатылады", - деп жазылған хабарламада.
Күзетілетін тұлғалардың Ақмола, Қарағанды облысы мен Алматы қаласы аумағына келген жағдайда олар келген кезеңге және осы өңірлерге болатын орындарына терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі орнатылатыны айтылды. Терроризмге қарсы операция өткізу аймақтарында күзетілетін тұлғалар болған кезеңдерінде ол аймақтарда адамдардың және автокөліктердің қозғалуларына шектеу шаралары қолданылады. Күзетілетін тұлғалардың жүретін арнайы трассалар учаскелерінде қалалық жолаушылар көліктерінің қозғалыстары тоқтатылады. Тиісті бағдарлардағы өзгерулер туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлайды.
Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізу нысандарында 2 шілде сағат 00.01-ден бастап 4 шілде 23.59-ға дейін террористік қауіптің бірқалыпты ("сары") деңгейі белгіленеді. Бірқалыпты ("сары") деңгей уәкілетті мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық, әкімшілік және жедел іс-шаралар кешенін өткізетінін білдіреді.
"Арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмысына түсінікпен қаралауыңызды және олардың қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтауды сұраймыз", - деп жазылған ҰҚК хабарламасында.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!