Саша Барон Коэн қазақстандықтардан өзінің Борат кейіпкеріне ренжімеуді сұрады. Оның айтуынша, бұл образдың шынайы Қазақстанға еш қатысы жоқ, деп хабарлайды Massaget.kz.
Коэн бұл туралы Happy Sad Confused подкастында айтты. Ол Бораттың рөлін алғаш сомдай бастаған кезде Қазақстан елшілігінен наразылық хаты келгенін еске алды.
«Наразылық білдіруге толық негіз бар еді. Хатты оқыдым. Онда шамамен: “Бұған қалай дәтің барды?” деген мазмұндағы сөздер жазылған», – деді комик.
Коэн не үшін кешірім сұрады?
Комик қазақстандықтардың қалай сөйлейтінін мүлде білмейтінін және Бораттың оларға еш ұқсамайтынын мойындады.
«Қазақстандықтар, кешірім сұраймын. Мен сіздердің акценттеріңізбен сөйлей алмаймын, оның қандай екенін де білмеймін. Сіздер Боратқа мүлде ұқсамайсыздар. Мен Орталық Азия халықтарының акценттерін дұрыс ажырата алмайтындықтан, Бораттың ойдан шығарылған акцентімен сөйлеймін. Қазақстандықтар, өтінемін, ренжімеңіздер. Мен сіздерге тек құрметпен қараймын», – деді Коэн.
Борат кімдерді әжуалады?
Комиктің айтуынша, оның фильмдерінде Қазақстан емес, Боратпен сөйлескен адамдардың надандығы әжуаланған.
«Шын мәнінде, мұның Қазақстанға ешқандай қатысы болған жоқ. Мәселе мен сөйлескен адамдардың надандығында еді. Олар бұрын-соңды естімеген елде осындай ақылға сыймайтын жағдайлар болуы мүмкін екеніне сенді», – деп түсіндірді актер.
Айта кетейік, Борат туралы алғашқы фильм 2006 жылы жарық көрді. Онда Қазақстан ойдан шығарылған дәстүрлер мен қорлайтын стереотиптер арқылы бейнеленді. Сондықтан фильм елімізде кең прокатқа шықпады.
2020 жылы жарық көрген жалғасы да наразылық туғызды. 2026 жылғы қазанда Коэн «Ali G: Who Iz I?» комедиясының трейлерінде Борат образын қайта көрсеткен еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!