БРИКС саммиті: Тоқаев Қазақстан неге мүдделі екенін айтты

БРИКС саммиті: Тоқаев Қазақстан неге мүдделі екенін айтты
Фото: depositphotos.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "аутрич"/"БРИКС+" пленарлық отырысы барысында Қазақстанның мұнай мен газды өңдеуге мүдделі екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Біз мұнай мен газды, сондай-ақ маңызды минералдарды өндіру және өңдеу саласындағы қолданыстағы жобаларды ілгерілетуге және перспективалы жобаларды іске қосуға мүдделіміз. Сондай-ақ су тапшылығы, температураның күрт көтерілуі және құрғақшылық сияқты климаттың өзгеруі салдарын еңсеруде БРИКС-тің орасан зор әлеуетін пайдалану керек", - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы сыртқы сауда айналымының жартысына жуығын бірлестік елдерімен сауда құрағанын және оның серпінді өсіп келе жатқанын атап өтті.

"Біз сауда және инвестициялар, IT-технологиялар, маңызды минералдар, азық-түлік қауіпсіздігі, білім беру және туризм сияқты негізгі секторларда өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге тырысамыз", - деді Қазақстан Президенті.

Айта кетейік, Қазанда БРИКС саммиті өтіп жатыр. 23 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің шақыруымен БРИКС мемлекеттері басшыларының XVI саммитіне қатысу үшін Қазанға жұмыс сапарымен барды.

Президентке Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түсті. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі - Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында айтқан еді. Уәли бұл ұсыныстарды Мемлекет басшысы мұқият қарайтынын және оның тапсырмасы бойынша Қазақстанның ұлттық мүдделері тұрғысынан тиісті ведомстволар талдайтынын атап өтті.

Анықтама үшін: БРИКС (BRICS) - тоғыз мемлекеттің бірлестігі: Бразилия, Ресей, Үндістан, ҚХР, Оңтүстік Африка, БАӘ, Иран, Египет және Эфиопия. Ұйым 2006 жылғы маусымда құрылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек