Байқаусызда досын өлтіріп алған ақтөбелік сотталды , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
5 қыркүйекте Ақтөбе қаласының №2 сотында абайсызда қазаға ұшырату айыбымен сотқа тартылған Ғ.-ға қатысты қылмыстық іс қаралған.
Ғ. 2024 жылдың қаңтар айының басында өзінің таныстарымен бірге топ болып басқа елді-мекеннің балаларымен сөйлесуге барып, арты төбелеске ұласқан. Төбелес барысында сотталушы Ғ. пышақпен соққы алып жерге құлап жатып, жерден пышақты көріп қолына алып, қорғану мақсатында сермеген кезде, байқаусызда өзімен бірге барған танысына сұғып алып, абайсызда өлтіріп алған.
Сотталушы Ғ.-ның кінәсі куәлардың жауаптарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, заттай дәлелдемелермен, сот-сараптама қорытындыларымен толық дәлелденген.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жәбірленушіні абайсызда өмірін қиғанын айтып, істеген әрекетіне өкініш білдіріп, жәбірленушілерден кешірім сұрады.
Прокурор соттан Ғ.-ны абайсызда адамның өмірін қиғаны үшін кінәлі деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
ҚК-нің 104-бабының 1-бөлігі санкциясында 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сот Ғ-ның кінәсін мойындап, істеген әрекетіне шын ниетпен өкінуін оның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мәнжай ретінде ескерді. Сонымен қатар сотталушының бұрын-соңды қылмыстық не әкімшілік жауаптылыққа тартылмағанын, жағымды мінездемесін сот назарға алды. Сотталушының жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мәнжайлар анықталған жоқ.
ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігінің 1) тармағына сәйкес, жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде аталған баппен көзделген жазаның ең жоғары мерзімнің жартысынан асыруға болмайды.
Соттың үкімімен Ғ. ҚК-нің 104-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталғаннан жәбірленушілердің пайдасына 6 млн теңге моральдық зиян және 800 мың теңге өкілдік шығындар өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!