Бірге ме, бөлек пе: қай нұсқа дұрыс?

Кейінгі кезде бірде бөлек, бірде бірге жазылатын сөздер қатары көбейген. Massaget.kz "Қай нұсқа дұрыс?" айдары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы, PhD ғылым докторы Жанат Асылханқызынан дұрыс нұсқаны сұрады.

"Елдімекен", "ықшамаудан", "көпбалалы"

Сарапшы түрлі нұсқада жазылып жүрген тіркестер қатарына "елдімекен", "ықшамаудан", "көпбалалы" секілді нұсқаларды жатқызды.

"Бұл тіркестерді орыстың "микрорайоны" мен "многодетныйына" қарап қосып жібердік делік. Ал "населенный пунктін" неліктен "елдімекен" деп қосып жазуды әдетке айналдырып барамыз? "Қандай мекен?" деп сұрақ қойып көріңіз. Алғашқы сөздің бөлек сұраққа жауап беретінін аңғарасыз. Ол аз болса, елсіз қалған мекенді қалай біріктіріп жазатыныңызды ойлап көріңіз", - деді Жанат Асылханқызы.

Филологтың айтуынша, "ықшам аудан" ("мөлтек аудан" немесе "шағын аудан") бөлек жазылуы қажет.

PhD ғылым докторы "көпбалалы" тіркесі қалай жазылатынын да айтты.

"Сапалық сын мен қатыстық сын есімнің тіркесуі арқылы жасалатын "көп балалы", "көп қабатты" және басқа тіркестер де бөлек жазылады. Оған көз жеткізу үшін күрделі сын есімдердің жасалу жолдарын қайталап оқуға кеңес берер едік", - деді сарапшы.

Бұған дейін қай сөздер туралы жазылды?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!