Марқакөлдің тумасы Қайрат Әсетұлы ұлттық аспап жасаумен 35 жылдан бері айналысып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ең алдымен, ұлттық өнерді насихаттап, оның маңызын қазіргі жастарға жеткізуді ойлаған. Ел аумағында өсетін ағаштарды пайдалану арқылы домбыраның сыңғырын сақтағысы келеді.
Автордан
"Оның иісі де ерекше. Домбыра жасауды 1982 жылы алғаш қолға алдым. Жалпы айтсақ, 35 жылдай уақыт болды. Тапсырыс жиі түседі. Домбыра үйрету мектеп пәніне кіретіндіктен оқушыларға көп жасаймын", – дейді шебер.
Қазір Өскеменде тұрады. Жеке шеберханасы бар. Ағаш таңдағанда қолданысқа дайын дегендерін іріктеп алады. Жас өскін болса, оны кептіруге біршама уақыт кететін көрінеді.
"Қарағай бар, қайың бар, олардың бірнеше түрі өседі. Шет елден де ағаштар әкелінеді, бірақ оларды қолданбаймын. Негізі барлық түрі жарамды, тек 100 пайыз кепкен болуы керек. Кейде шебердің өзіне де байланысты. Себебі, ара-тұра таңдаған ағаштан дауыс көмескі, бұлыңғыр шығады. Домбыраның дизайнын да, сұлбасын да келтіріп, бастан аяғына дейін өзім дайындаймын", – деді Қайрат Әсетұлы.
Қымбатқа бағаланған домбыраны жасауға ұзақ уақыт кетеді. Бір ай, кейде жарты жылға созылады. Оны көбінесе үлкен сахналарда жүрген талғамы жоғары өнер адамдары жасатады. Тапсырыс беруші әшекейлеуді сұраса, ол да өз алдына жұмыс. Қызығы сол, сұраныс облыс, республикадан емес, шет мемлекеттерден жиі түсетін көрінеді. Әсіресе Қытайдағы қазақтар көп қоңырау шалады.
Автордан
Балалар мен оқушылар домбырасы 25-35 мыңның айналасы, қымбаты 300 мың теңгеге дейін барады. Шебер домбыра жасап қана қоймай, күй де орындайды. Алайда "нақышына келтіретін музыкант емеспіз, біздікі әуестік" деп келте қайырды. Ұлдары Досхан мен Мәди де ұлттық аспапты жасауда әкесіне қолғабыс етіп тұрады. Жалпы, бұл қабілет Қайрат Әсетұлының ата-бабасынан дарыған.
"Рамазан Стамғазиевпен құрдаспыз. Ол көбінесе қалақ домбырада ойнамайды, маған ыңғайлысын жасауға тапсырыс берді. Әйтеуір, аспабымыз ойдағыдай шықты. Шамамен 2007 жылдар еді бұл. Одан кейін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің өнерпаздары домбырамды үлкен сахналарға алып шығып жүр", – деді шебер.
Қазір орташа алғанда айына 10-15 домбыра жасайды. Сүйікті жұмысын жалғастыруына отбасының қолдауы ерекше дейді.
Асыл Бигелді
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!