- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Біреуін ит талап...
"Біреуін ит талап өлтірсе, кім жауап береді?" Шымкент тұрғындарынан маза кетті
Шымкентте он бесінші шағынаудан тұрғындары қаңғыбас иттер мен үйсіз адамдардан құтыла алмай әлек, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Жаз басталғалы Жібек жолы даңғылында орналасқан 43 үйдің айналасын үйсіздер мекен қылып алған. Төбелесіп, шу шығарып, тұрғындарға тиісетін көрінеді. Ал қаңғыбас жануарлар үріп мазаны алатыны аздай, адамдарға шабуылдауға көшіпті.
"Иттер тек шулап қана қоймайды", - дейді осында 4 жылдан бері тұратын Жамал Бейсенбі. Тұрғынның айтуынша, қаңғыбас жануарлар адамдарға шабуыл жасайды. Әрі-бері жүрген балаларға тарпа бас салама деп уайымдап жүрген әйел иттердің саны күн санап көбейіп келе жатқанын айтады.
"Қолымда 3 және 4 жасар немерелерімді жетектеп, "Көктем" базарынан келе жатқан бетімде 7-8 ит алдымнан шықты. Аңтарылып қалдым, не істерімді білмедім. Сөйтіп артқа кеттім. Артқа кетіп, әшейін былай келе салатын, тез жететін үйге автобуспен айналып келдім", - дейді тұрғын Жамал Бейсенбі.
Жібек жолы даңғылында орналасқан 43-ші үйдің тұрғындары бұл мәселе "Фосфоршылар" сарайын қоршағалы бері басталғанын айтады. Тұрғындардың сөзінше, олар мәселені көтеріп бірнеше рет жауаптыларға жүгінген, алайда нәтиже болмапты.
"Фосфоршылар" сарайын қоршаған соң, иттер көбейіп, сол жерді мекендей бастады. Кемі 20 шақты ит жүреді. Барлығы бір жерге жиналып үргенде мүлдем тыныштық бермейді. Бұған дейін бұл мәселені неше рет айттық, ешкім келмеді", - Шымкент қаласының тұрғыны Владимир Чиркин.
"Мына иттер бәле болды. Біздің ауламызда бала көп. Біреуін ит талап өлтірсе, кім жауап береді", - Шымкент қаласының тұрғыны Өркен Әбдреев.
Мұндағы тұрғындарды мазалайтын мәселе бұл ғана емес. Жергілікті халықтың айтуынша, қазір үй маңын, ауланы үйсіз-күйсіз адамдар жайлап алған. Олар тіпті қолдан шатыр құрып, төсек салып, көпқабатты үй ауласын өз меншігіне айналдырып алған екен. Ең қорқыныштысы, қураған шөп пен ағаштардың ортасында отырып, от жағып өздеріне тамақ істейтінін айтқан тұрғындар олар бір күні ауланы өртеп жібере ме деп алаңдайды. Ал ауладағы жиналған қоқыстың иісі қолқаны қабады.
"Түніменен жатады, ішеді, төбелеседі, айғайлайды. Төсектеріне дейін төсеп алған. Қоқыс шашып тастаған. Бала-шаға шыға алмайды. Кешке шықсаң мына жерде алқаштар жатады. Әйел бар ма, еркек бар ма барлығы осы жерде жатады", - дейді тұрғын Гүлнар Есенгелдиева.
"Үш топ бар, соның бір тобы мына жерде тамақ пісіреді, шай қайнатады, қорықпайды. Бұрын бұл жерге отырып салқындап демалатын едік, қазір мүлдем келе алмай қалдық", - Шымкент қаласының тұрғыны Жамал Бейсенбі.
15-шағынаудан тұрғындарының мәселесі бойынша тиісті жауаптылар жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады. Ветеринария бөлімінің басшысы аумақтағы қаңғыбас иттер мәселесімен таныс екен. Оның сөзінше, екі күннен бері аулау бригадасы жұмыс істеп, 7 ит ауланыпты.
"Ол жерден бізге шағымдар 109 "IKomek" орталығы арқылы келіп түскен болатын. Түскен өтініштер бойынша біздің №3 аулау тобы аулау жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңда жануарларды жауапкершілікпен қарау туралы заң шыққандықтан қазіргі аулау жұмыстары жануарларға зиян келтірмейтін тәсілдермен ауланады. Бір бригада екі адаммен барады, бір-екеуін ұстап жатқан кезде, басқа иттер қашып кетеді. Сол себепті бір барған жеріне қайтадан баруға тура келеді", - деді Шымкент қаласы ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ерлан Әденов.
Ал ауланы мекендеген бір топ үйсіздер мәселесін полицейлер өз бақылауына алғанын мәлімдеді.
"әл-Фараби ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік аумақта құқықбұзушылықтардың алдын алуға және оларды болдырмауға бағытталған рейдтік іс-шаралар күнделікті жүргізіп жатыр. Бұл аумақты учаскелік полиция инспекторлары қатаң бақылауға алынғанын хабарлаймыз", - деді Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі.
15-шағынаудан тұрғындары жаз басталғалы күресіп келе жатқан бұл мәселелер тезірек шешімін табады деген үмітте.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова