“Біреуін бітірмей жатып, жаңасына кіріседі“. Алматы әкімі қаладағы мәселелерге кінәлілерді атады

Алматыда мерзім мен сапа талаптарын бұзған мердігерлерге қатаң шара қолданылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгінде Алматыда 147 жоба іске асырылып жатыр, соның ішінде 26 нысанда мерзім сақталмаған, сапаға қатысты талаптар бұзылған.

Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Олжас Төлебаевтың айтуынша, мониторинг нәтижесінде келісімшарт мерзімін үнемі бұзып, құрылыс нормаларын сақтамайтын тоғыз мердігер анықталған. Олардың жұмысында жобадан ауытқу, ұйымдастыру деңгейі төмендігі және құжат жүргізудегі салғырттық жиі байқалады.

Қала әкімі Дархан Сатыбалды бұл жайт қала тұрғындарының наразылығын тудырып отырғанын жеткізді. Көпшілік мектеп пен балабақша құрылысы созбалаңға салынғанына, саябақтар мен жағалауларды абаттандыру жұмыстары кешігуіне, сондай-ақ, жол мен тротуардағы қазылған жерлер уақытында қалпына келтірілмеуіне шағымданған.

"Кейбір компаниялар бір нысанды бітірмей жатып, жаңасын қолға алатын әдет қалыптастырған. Мұндай тәжірибеге мүлде жол беруге болмайды", - деді Дархан Сатыбалды.

Алматы әкімі Қала құрылысын бақылау басқармасына мұндай нысанды әр апта сайын қадағалап отыруды, жауапсыз мердігерлерді лицензиясынан айыруды және қажет болса материалдарды құқық қорғау органдарына жіберуді тапсырды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!