- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Біреулер қинап өлтірген"....
"Біреулер қинап өлтірген". 35 жастағы қазақстандық белгісіз жағдайда мерт болған
Семей маңындағы "Алел" қаржы-инвестициялық корпорациясының алтын өндіретін кенішінде белгісіз жағдайда көз жұмған 35 жастағы жұмысшы Еркебұлан Болатовтың туыстары әділдік іздейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "31" арнаның "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Телеарнаның мәліметінше, марқұмның жақындарына осыдан бір жыл бұрын ресейлік компания өкілдері вахтаға кеткен Еркебұлан жүрек талмасынан қайтыс болды деп хабарлаған. Алайда азаматтың туыстары оны зауыт ішінде біреулер азаптап өлтіргеніне сенімді. Ал құзырлы орган өкілдері істі созбаққа салып қылмыскерді табуға әрекет етпей отыр деп ашынады.
Марқұмның анасы компанияда 2,5 жыл бойы жұмыс істеген балам жүрегіне ешқашан шағымданбаған еді дейді. Әрі марқұмның көк ала қойдай болған денесін көріп, жағамызды ұстадық деп отыр. Туыстары азаматтың бет-аузы мен денесіне қан ұйып, көгеріп келді дейді. Сондықтан, бірден мәйітке тәуелсіз сараптама жасатып, кісі қолынан қайтыс болғанын дәлелдепті. Алайда, құзырлы орган өкілдері күдіктілерді таппай, істі созып келе жатқанын айтады.
"Балам зауыттың ішінде қайтыс болды. Оны біреулер қинап өлтіргенін суреттерінен-ақ көруге болады. Бірақ ресейлік "Алел" корпорациясы ұлымның кісі қолынан қаза тапқанын мойындамайды. Кінәлілер тиісті жазаларын алса дейміз. Бас Прокуратура мен Ішкі істер министрлігі ұлымды өлтірген адамды тапсын. Олар неге әрекетсіз отыр? Бұл компания марқұм баламның перзенттеріне өтемақы төлесін. Материалдық шығынды өтесін", - дейді марқұмның анасы Фарида Қайырханова.
Ал еңбек инспекция сот-медициналық сараптамасын жасаған. Құрылған комиссия өкілі марқұм жарақаттарды жұмыстан тыс уақытта алғанын айтады.
"Комиссия Болатовтың өлімі жұмыс берушінің өндірістік қызметімен байланысты емес деген қорытындыға келді. Өйткені қызметкер вахталық әдіспен жұмыс істеген кезде, ауысымаралық демалыс кезінде жарақат алған. Осыған байланысты, азаматтың өлімі жұмыс орнымен байланысты емес деп акт толтырылды. Арнайы тергеу аяқталғаннан кейін материалдар тиісті шешім қабылдау үшін аумақтық полиция органына жіберілді", - дейді Абай облысы еңбек инспекциясын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ниятқабылов.
"Алел" корпорациясының өкілдері сұхбат беруден бас тартқан. Қазір Абай облыстық Полиция департаменті "абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан не қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер бабы" бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина