Біреудің суретін рұқсатсыз жариялағандарға айыппұл салу ұсынылды

Қазақстанда адамның фотосуретін келісімінсіз жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілуі мүмкін. Тиісті өзгерістер онлайн-платформалар мен масс-медиа туралы заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Massaget.kz.

Құрылтай құжатты бірінші оқылымда қарап жатыр. Жоба Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуді көздейді. Жаңа талаптар онлайн-платформа пайдаланушыларына да, олардың иелеріне де қатысты болмақ.

Қандай айыппұлдар ұсынылды?

Адамның фотосуретін рұқсатсыз орналастырған жеке тұлғаларға 30 АЕК – 129 750 теңге айыппұл салу ұсынылып отыр. Ал ұйымдар үшін айыппұл мөлшері 60-200 АЕК, яғни 259 500-865 000 теңге аралығында болуы мүмкін.

Сонымен қатар жазылушысы 5 мыңнан асатын анонимді пайдаланушылар туралы мәлімет беру міндетін орындамағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Алғашқы ереже бұзу үшін ескерту немесе 20 АЕК көлемінде айыппұл салу, ал қайталанған жағдайда оны 40 АЕК-ке дейін арттыру ұсынылған.

Заңсыз контентті жоймағандарға қандай шара қолданылады?

Онлайн-платформа иелері мен өкілдіктеріне қатысты бөлек талаптар бар. Олар уәкілетті органның заңсыз контентті немесе балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою жөніндегі нұсқамасын орындамаған жағдайда айыппұл төлеуі мүмкін.

Оның мөлшері кәсіпкерлік санатына қарай белгіленеді:

  • шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға — 50 АЕК (216 250 теңге);
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 АЕК (432 500 теңге);
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 200 АЕК (865 000 теңге).
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде тағы қайталанса, айыппұлдар тиісінше 100, 200 және 400 АЕК-ке дейін өседі.

Өзгерістер қашан енгізіледі?

Заң жобасы әзірге қабылданған жоқ.

Құжат мақұлданып, ресми жарияланған жағдайда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң күшіне енеді.