"Біреуі - Ресей азаматы". ШҚО-да екі альпинист қаза болды

ШҚО Катонқарағай ауданында екі альпинист қаза болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ведомство мәліметінше, 23 маусымда сағат 10 шамасында Катонқарағай ауданының құтқарушыларына Көккөл көлі ауданындағы Белуха тауында 4 альпинист туристер тауға шығу жолын нығайту жұмыстарын жүргізу кезде қар көшкінінің астында қалды деген шақырту түскен.

"Апат салдарынан екі адам қайтыс болды. Біреуі 1992 жылы туған. Екіншісі 1988 жылы туған Ресей Федерациясының азаматы. Сондай-ақ 1990 жылы туған бағы бір азамат зардап шеккен. Одан бөлек 32 жастағы бір альпинист аман қалды. Жетуі қиын жерлерге ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушыларымен "Қазавиақұтқару" МИ-8 тікұшағы жіберілді. Оқиға орнына келген тікұшақ ауада 1 метр биіктікте қалықтап тұрып, құтқарушылар тікұшақтан түсіп қаза болғандарды бортқа шығарды. Ал жарақат алған ер адамға апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті", - делінген хабарламада. 

3 мың метр биіктікте құтқару жұмыстарын жүргізу үшін әуекемесі бірнеше рейс жасаған.

ШҚО ТЖД таудағы қауіпсіздік ережелерін еске салды:

- Маршрутқа шығар алдында ТЖ қызметінде тіркелу қажет. Мұнда сіз маршруттың ерекшеліктері, бақылау уақыты және байланыс сигналдары туралы барлық қажетті ақпаратты ала аласыз.
- Ыңғайлы киім мен аяқ киімді таңдауға байыпты болыңыз.
- Өзіңізбен бірге алып жүруіңіз керек заттардың ішінде: жылы заттар, ұялы телефон үшін қосымша қуат көздері, шам және от жағуға арналған құралдар болуы керек. Сондай-ақ, GPS навигаторын өзіңізбен бірге өткізген жөн.

Жорықта:

- Қозғалыс үшін ұзағырақ болса да, ең қауіпсіз маршрутты таңдау керек
- Қозғалыс басталар алдында ықтимал қауіптерді мұқият бағалау, ауа райы жағдайларын және кедергілердің ықтималдығын ескеру қажет
- түрлі кенеттен болатын жағдайларға дайын болу қажет және қауіп кезінде уақтылы сақтық шараларын қабылдау керек
- Тек топпен қозғалу керек
- Нашар көрінгенде (тұман) немесе тәуліктің қараңғы уақытында өтпеу керек
- Қауіпті жартасты жерлерден өтпеңіз. Бос жатқан тастармен беткейлер мен ойықтарға өтпеңіз.