Біреуі қайтыс болып, алтауы жансақтау бөліміне түскен: Қарағандыда балалар неден уланған?

Қарағанды ​​облысының Денсаулық сақтау басқармасы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында уланып, ауруханаға түскен балалардың сараптама қорытындысын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Қарағандыда уланған 14 баланың тағы екеуі тәуір болып, әлеуметтік қызмет көрсету орталығына оралған. Қазір ауруханада 9 бала ем алып жатқаны айтылды. Оның алтауы жансақтау, ал қалған үшеуі нейробокстау бөлімінде.

"Жағдайлары тұрақты, ешқандай өзгеріс жоқ", - дейді дәрігерлер.

Телеарна мәліметінше, мамандар балалардан түрлі сынама алып, зертханаға жіберген. Әзірге неден уланғаны белгісіз. Тамақтан ұшынуы мүмкін деген әуелгі болжам расталмаған. 

"Динамикадағы барлық науқастардың жағдайы бірқалыпты. Талдау нәтижелері бойынша барлық ауруханаға түскен науқаста тамақтан улану жағдайы расталмады. Уланудың нақты себептерін анықтау үшін кеңейтілген зерттеу жүргізіліп жатыр", - деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Ирина Тасмағамбетова.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында бірнеше бала уланып, бір бала көз жұмғанын хабарлаған едік. Кейін осы оқиғаға қатысты тергеу басталғаны белгілі болды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз