- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Біреуі бесікте еді"....
"Біреуі бесікте еді". Он жастағы бала бауырларын құтқарып қалды
Он жастағы қызылордалық Оқу-ағарту министрлігінің "Ел үміті" медалін алғашқылардың бірі болып алмақ. Бұл оған көзсіз ерлігі үшін тағайындалып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кейіпкеріміз Жансерік Әбілдің үш бауырын қызыл жалынның арасынан алып шыққаны әлі күнге ауылдастарының аузында. Оқыс оқиға былтыр желтоқсанда болған.
"Ол кезде далада жүргенмін. Ойланып тұрмадым. Дереу үйге қарай жүгірдім. Бауырларымды алдым да көрші үйге тарттым. Ол кісілер бірден құтқарушы шақырды", - дейді батыр бала.
Үй отқа оранған күні Жансерік үйде жалғыз болмаған. Кішкентайлардың бірі бесікте құндақтаулы екен.
"Мен жұмыста едім. Балалардың қасында әжелері бар. Үлкен кісілер ғой, не істерін білмей абдырап қалса керек. Ал ұлым қаймықпастан осындай қадамға барды. Ұл-қыздарымның аман қалғанына шүкір", - дейді батырдың анасы Тамара Ералиева.
Жансерік Қазалыдағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектептің 4-сыныбында инклюзивті білім алып жүр. Жуырда облысқа іссапармен келген оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оны және анасын, сынып жетекшісі Шолпан Сариеваны арнайы марапаттады. Сондай-ақ, алдағы уақытта "Ел үміті" медалі табысталатынын айтты. Мұндай марапат үздік нәтиже көрсеткен, ел мақтанышына айналған жастарға беріледі. Ата-ана, ұстаздары да елеусіз қалмайды. Кейіпкеріміздің көру қабілеті шектеулі. Соған қарамастан қиялы бай, ойы жүйрік.
"Басқа балалардан ерекшелер тұратын қасиеті тез шешім қабылдайды. Бұрын да бір рет үйінде газ баллоны жарылған болатын. Дүрс еткен дыбыстан қорықпай тоңазытқыш, теледидарды тоқтан ажыратып, телефондарды алып далаға шыққан. Қолында мысығы. "Өліп қалады" деген түрі ғой, - дейді Шолпан Сариева.
Назерке Саниязова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы