Брэд Питт Apple компаниясының жаңа фильмінде басты рөлді сомдайды

Голливуд жұлдызы, америкалық актер әрі кинопродюсер Брэд Питт Apple Original Films компаниясының жаңа жобасында басты кейіпкерді сомдайды, деп хабарлайды Massaget.kz.

Жаңа фильм туралы не белгілі?

"F1" фильмінің әлемдік прокаттағы табысынан кейін Брэд Питт пен Apple Original Films тағы бір бірлескен жобаны қолға алмақ.

Deadline басылымының дерегінше, Apple компаниясы "Connector" ("Байланыстырушы буын" немесе "Коннектор") деп аталатын толықметражды фильмнің түсіріліміне қосылған. Картинадағы басты рөлді Брэд Питт сомдайды.

Айта кетейік, фильм атауының ресми аудармасы әзірге жарияланған жоқ.

"Оскар" сыйлығының иегері Брэд Питт бұл жолы актер ғана емес, продюсер ретінде де жұмыс істейді. Ол фильмді өзінің Plan B кинокомпаниясы арқылы өндіруге атсалысады. Ал режиссерлік тізгінді "Оскар" сыйлығына үміткер болған Дариус Мардер ұстайды.

Алдын ала мәлімет бойынша, фильм оқиғасы 1970 жылдардағы Нью-Йоркте өрбиді. Әзірге картинаның сюжеті мен өзге де егжей-тегжейі жарияланған жоқ.

Брэд Питт кім?

Брэд Питт — Голливудтың ең танымал актерлерінің бірі. Ол 1963 жылғы 18 желтоқсанда АҚШ-тың Оклахома штатында дүниеге келген.

Брэд Питт екі мәрте "Оскар" сыйлығын иеленген. Оның бірін продюсер ретінде, екіншісін "Бір кездері... Голливудта" фильміндегі актерлік шеберлігі үшін алған. Сондай-ақ ол Plan B Entertainment кинокомпаниясының негізін қалаушылардың бірі.

Актерлік мансабымен қатар, Питт кино өндірісімен де белсенді айналысады. Биыл желтоқсанда ол 63 жасқа толады.

Айта кетейік, осыған дейін сериалға түскені үшін ең көп гонорар алатын Голливуд жұлдыздарының тізімін жариялаған болатынбыз. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!