"Бірдеңе" деген сөз басқа ақындарда да бар". "Ұйқым келмейді" әнінің авторы сынға жауап берді

"Бірдеңе" деген сөз басқа ақындарда да бар". "Ұйқым келмейді" әнінің авторы сынға жауап берді
Фото: © Instagram

Актер әрі ақын Рамазан Амантай сынға ұшыраған "Ұйқым келмейді" әнінің сөзіне қатысты пікір білдірді. Ол бұл туралы "1001 түн" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алғашында әннің авторы туындыны миллионға сатқанын айтып әзілдеді.

"Сөзі нашар болғандықтан сынға ілікті деп ойлаймын. Сөзі өте нашар. Ақша үшін жазылған ән. Ол әнді миллионға саттық. Ана кісі қазақша түсінбейді, оны пайдаланып, сатып жібердік. Ниетіміз де дұрыс болмады, содан сынға ілікті деп ойлаймын", - деп әзілдеді ол.

Ал кейінірек ән сөзі ешкімге тосын жаңалық емес екенін, бұл сөздер атақты тұлғалардың да шығармаларында кездесетінін жеткізді.

"Барлық айтып жатқаным - бізге жабылған жала. Бәрі шын жүрекпен, ақ ниетпен жазылған ән. Түн жамылып, қайғырып, мұңданып жазған ән. Менің жазған сөздерім жаңалық емес. Әйгілі Оралхан Бөкей атамыздың "Ұйқым келмейді" деген романы бар. Одан кейін Ерлан Жүніс деген қазақтың айбоз ақындарының бірінің көп өлеңінде "бірдеңе" деген сөздер қолданылады. Ешқандай тілді қорлау емес. Алина ханымды қатты жақсы көреміз. Өзінің ерекше жеткізу стилі, мәнері бар. Сондықтан кейбір жандарға түсініксіз болып қалған шығар деп ойлаймын", - деп түсіндірді ол.

 

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Алина Шакиева есімді әншінің "Той думан" арнасында жарық көрген әні қызу талқыланып жатқаны хабарланған болатын. Кейінірек әнші Желіде қызу талқыланған әнге қатысты пікір білдірген еді. Сондай-ақ, әннің авторы Диана Исмайыл өз нұсқасында орындады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова