"Бірден айтайын". Министр Назарбаев университетін ерекше мәртебесінен айыру мәселесіне нүкте қойды

"Бірден айтайын". Министр Назарбаев университетін ерекше мәртебесінен айыру мәселесіне нүкте қойды
Фото: Tengrinews.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев университетінің мәртебесі өзгермейтінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында журналист Саясат Нұрбекке "Назарбаев университеті ерекше мәртебесінен айырыла ма?" деп сауал жолдады.

Министр сұраққа нақты жауар беріп, университетінің мәртебесі неге өзгермейтінін түсіндірді.

"Бірден айтайын, біз бұл заңды алып тастамаймыз және өзгертпейміз. Біздің міндетіміз – осы университеттің әлеуетін сақтап қалу. Бұл аз ғана толыққанды зерттеу университеттерінің бірі. Бүгінде университет төңірегінде оқу құны туралы өте көп қауесет тарап жатыр. Шын мәнінде олардың бәрі шындыққа жанаспайтынына сендіргім келеді. Бұл – өте мықты зерттеу университеті. Сондықтан оның мәртебесіне қатысты өзгеріс болмайды", - деді Саясат Нұрбек.

Ол заңға өзгерістер енгізіліп, қамқоршылық кеңесі және жоғары қамқоршылық кеңесі құрылғанын еске салды. Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов университеттегі жоғары қамқоршылық кеңесін басқарады.

"Қазір қаржылық сауықтыру, зерттеу әлеуетін күшейту бойынша шаралар қабылданады. Себебі, университетте керемет база, инфрақұрылым, зертханалар бар. Енді мұны толық пайдалану қажет. Сондықтан қандай да бір түзету шаралары міндетті түрде болады. Бірақ жалпы университеттің статусы мен бағытын өзгертпейміз", - деді министр.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz