- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бразилия президентінің Ресейге...
Бразилия президентінің Ресейге неге бармайтыны белгілі болды
Бразилия президенті Луис Инасио Лула да Силва сенбі күні резиденциясында болған жазатайым оқиғада жарақат алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жарақатына байланысты жексенбі, 20 қазанда өтуі тиіс Ресейге жоспарланған сапары орындалмай қалды. G1 порталының хабарлауынша, Лула да Силва келесі апта БРИКС саммитіне де бейнеконференция арқылы қатысады.
Жексенбі күні жарияланған медициналық анықтамаға сәйкес, Лула да Силва ел астанасындағы "Сирио Либанез" ауруханасына "желке аймағындағы жарақат" диагнозымен түскен. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы аса ауыр емес, бірақ кардиолог Роберто Калил Фильо оған ұзақ уақыт ұшақта болудан бас тартуға кеңес берді.
Президент жарасына тігіс салып, емделгеннен кейін Паласио-да-Алворада сарайына жіберілді. Ол жексенбі күні таңертең ауруханаға қайта барып, қосымша тексерістен өткен.
Айта кетейік, 78 жастағы Лула да Силва дәрігерлердің бақылауымен өз қызметтерін атқара алатыны хабарланды.
Еске салайық, Бразилия президенті жексенбі күні түстен кейін авиабазадан ұшып, 22 қазан, сейсенбіге жоспарланған Ресейдегі шараға қатысуы керек болатын. Сапар бағдарламасында Ресей президенті Владимир Путинмен және Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен екіжақты кездесулер бар еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Ибраева