- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бразилия Қазақстанға 2018...
Бразилия Қазақстанға 2018 жылы Дүниежүзілік тау-кен конгресін өткізу эстафетасын тапсырды
21 қазан күні Рио-де-Жанейрода Дүниежүзілік Тау-кен Конгресінің дәстүрлі рәмізі «Май шамды», яғни, Конгресті өткізу құқығы эстафетасын салтанатты түрде Қазақстанға тапсыру рәсімі өтті. Салтанатты рәсім кезінде Бразилияның Тау-кен өндіру қауымдастығының басшысы Хосе Фернандо Коура, ДТК 2016 Төрағасы Жар Карлос Коппэ (Бразилия), ДТК Төрағасы Джозеф Дубински (Польша), VALE Бас атқарушы директоры Мурило Феррейра, қазіргі Халықаралық ұйымдастыру комитетінің мүшесі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялды даму және өндірістік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қанат Баитов сөз сөйледі. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ресми сайтында жарияланды.
«Тау-кен металлургиялық кешен Қазақстан үшін елдің экономика саласында маңызды жобалардың бірі болып табылады. Жалпы өндірістік кәсіпорын саласында ТМК 18% құрайды. Сондықтан, 2018 жылы Астанада Дүниежүзілік Тау-кен Конгресін өткізу біз үшін өте маңызды оқиға болмақ. Бұл өз кезегінде елдің барлық секторына оң ықпал етері сөзсіз. Бүгінге дейін жинаған тәжірибеміз бен білімімізге сүйене отырып, 2018 жылы ДТК-ін жоғары халықаралық деңгейде өткізетінімзге сенімдімін»,-деді Қанат Баитов.
Сонымен қатар, ДТК-ің жабылу салтанатында осы күнге дейін Қазақстанда екі рет болған, Astana Mining & Metallurgy Халықаралық Тау-кен металлургиялық Конгресіне қатысқан профессор Джозеф Дубински 2018 жылы Қазақстан Дүниежүзілік Тау-кен Конгресін сәтті өткізетініне сенім білдірді. Бұдан бөлек, 2018 жылы Астанада өтетін Конгресс атаулы екі датаны да атап өтетін болады. Яғни, Конгресс 25-ші рет өтеді және оның құрылғанына 60 жыл толады.
Салтанатты рәсім қорытындысы бойынша Бразилияның Тау-кен өндіру қауымдастығының басшысы Хосе Фернандо Коура ДТК дәстүрлі символы «Май шамды» Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Саржановқа тапсырды.
Дүниежүзілік Тау-кен Конгресі 2016 аясында екіжақты бірқатар кездесулер өтті. Онда ДТК технологиялық мәселелері талқыланып, жаңашылдықтар ұсынылды. Яғни, экономикалық тұрғыда компанияларды басқару, халықаралық қаржыландыру мен ынтымақтастық сияқты өзекті тақырыптар талқыға түсті. Қазақстандық делегация құрамына Қазақстанның мемлекеттік салаларының, институттардың, ТМК ірі профильді компаниялардың өкілдері және өз кезегінде ДТК 2018 операторы болып табылатын Iteca көрме компаниясының өкілдері кірді.
«Осындай айтулы шараларды ұйымдастыру біз үшін ерекше маңызды. Өйткені, бұл жерде әлеуетті инвесторлар іздеуде және саладағы заманауи жетістіктерді танып білуде жаңа мүмкіндіктер ашылады. Сонымен бірге, біз өзіміздің қызметіміз туралы және қол жеткен табыстарымыз жайында тау-кен саласы мамандарына кеңірек таныстырамыз. Біздің сапардың мақсаты – геология және жер қойнауын пайдалану саласында екі елдің және компаниялар арасындағы ынтымақтастықты дамытып, өзара тәжірибе алмасу. Геология саласында халықаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша диалог орнатуға және Қазақстанда жүзеге асыруға болатын тартымды жобаларды инвесторларға ұсынуға дайынбыз. Еліміздің жер көлемі мен қойнауындағы қазба байлықтарын ескерсек, болашағы зор ондаған кеніштердің ашылатыны анық. Тіпті олардың арасында теңдесі жоқ кеніштер де болуы мүмкін. «Anglo-American» (Ұлыбритания), «Vale» (Бразилия) және «NMDC» (Үндістан) сияқты әлемдік ірі корпорациялармен өткен кездесулердің нәтижесінде ендігі ынтымақтастықты Қазақстан аумағында жалғастыруға уағдаластық» -деп атап өтті «Қазгеология» АҚ Басқарма төрағасы Ғалым Нұржанов.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы 19-22 маусымда Астанада 25-ші Дүниежүзілік Тау-кен Конгресі өтеді. Аталған шара дәстүрлі AstanaMining & Metallurgy халықаралық тау-кен металлургия Конгресі базасы аясында ұйымдастырылады.
T. Кіршібаев