Әнші Роза Әлқожа "Оян" бағдарламасында өнер жолын таңдаған ұлын қолдамағанын және қорқынышын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, әнші баласы ерте жұлдыз болып кете ме деп қорыққан.
"Бейбарыс көркемсөз оқудың шебері болды, байқауларға қатысты, ән айтты. Соның бәрін қолдап жүрдік. Бірақ бір күні өнерде ерте жұлдыз болып кететін балаларды көріп, "балалық шағы болмай қала ма?", "әнші болып, жұлдыз болып астамсып кете ме?" деген қорқыныш пайда болды. Содан біраз уақыт шығармай, "мектепте жай сабағыңды оқы, көп нәрсеге қатыспай-ақ қойшы" деп біраз уақыт шектедім. Бірақ 6-сыныпта маған "өзіңіз сахнаны, халықтың қошеметін жақсы көресіз, біздің де өз құқығымыз бар, таңдау берсеңізші" деді. Содан келістім. Балам боксқа барды, каратеге барды, қайда барса да қолдадым", - деді ол.
Өнер иесі оқуға түсер кезде де ақыл-кеңесін берген.
"Кейін Т. Жүргенев атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына түскісі келетінін айтты. Бірақ мен "сен менің ұлым болсаң, өз әніңді өзің орындайтын, гитарамен өзің сүйемелдейтін сазгер-әншісің" дедім. Қазір менен де, Әбдіжаппардан да сұрамай, өзі жеке шығатындай жағдайға жетті", - деді әнші.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!