"Біраз уақыт жасырып жүрген". Үйлену тойын жасамаған танымал қазақстандықтар

Жақында үлкен тойдан бас тартып, орнына саяхаттап, үй алған қазақстандықтардың оқиғасын жариялаған болатынбыз. Үйлену тойынан бас тартқандардың ішінде шоу-бизнес өкілдері де бар. Massaget.kz үйлену тойын жасамаған жұптарға шолу жасады.  

Эстрада жұлдыздары Айқын Төлепберген мен Жұлдыз Өмірғали бас қосқаны туралы 2017 жылы белгілі бола бастады. Сол жылы Айқынның Жұлдызды құда түсіп, алып бара жатқан сәтінің видеосы тараған болатын. Алайда жұлдызды жұп бұл ақпаратты біраз уақыт жасырып жүрген және бас қосқандарына қатысты ешқандай пікір білдірмеді. Үйлену тойы да болған жоқ. Айқын мен Жұлдыз бірге екендерін тұңғыш ұлдары Санжардың суретін әлеуметтік желіде салып қана растаған болатын. 

Жұлдыз сұхбаттарының бірінде Айқынға тұрмысқа шығарда атасы қатты ренжігенін айтты. Ал олардың арақатынасы негізі 2015 жылы қазанда басталған екен. Бір қызығы Жұлдыз оның отбасылы ер азамат екенін білмеген. 

Кейінгі кезде қызу талқыға түсіп жүрген Ерке Есмахан мен Райымбек Бақтыгереев (Raim) үйлену тойын жасамайды. Бұл туралы Еркенің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында айтқан болатын. Ерке Есмахан алдағы уақытта той көйлегін киіп, фотосессия жасайтынын айтқан, бірақ той жасайтын ниеті жоқ екен.


Фото: Instagram / aidyn_nury

"Той болмайды! Ақылдаса келе солай шештік. Біздің той тағы у-шу, телефон ұстаған қонақтар, тікелей эфирлер, тағысын тағы. Ойласам шаршаймын. Тойсыз-ақ бақытты жанұя болып, балалы-шағалы болып, сосын 5-10 жылдық той жасармыз. Алла жазсын", - деп жауап берді әнші.

Raim мен Ерке сырға салу рәсімін өткізіп, некелерін қидыртып, Лондонға қыдырып келген болатын. 

Үйлену тойын жасамаған жұптардың бірі Әли Оқапов пен Ақерке Бүркітбай. Бастапқыда жұлдызды жұп шаңырақ көтергендері туралы мүлде тіс жармады. Тұңғыш ұлдары өмірге келгеннен кейін Әли де, Ақерке де бірге екенін растады. Оған дейін Әли мен Ақеркеге қатысты түрлі қауесет жүрді. Бірі екеуі ажырасып кетті десе, енді бірі Роза Рымбаева Ақеркені "ұнатпағанын" айтқан.   

Ақерке тек ұзату тойын жасады. Алайда қуанышты сәттен ресми суреттерді жұлдызды жұп салмады. Жақында Әли парақшасында неке қию рәсіміндегі видеоны ғана бөліскен болатын.

Актриса Жанель Мақажан мен Абай Асылхан үлкен үйлену тойын жасамай, тек неке қию рәсімімен шектелген жұптардың бірі.  

Олар 2021 жылы неке қидырған болатын. Ал биыл наурызда ол жүкті екенін айтып, қуанышты жаңалығын жеткізді. 

Әнші, актер, тележүргізуші Тәуекел Мүсілім 2019 жылы жары Махаббат Түктібаеваға сырға салып, үйленді. Алайда үлкен той да, ұзату тойы да болмаған. Махаббат - Қарағанды өңірінің тумасы. Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде білім алған.

Бүгінде Тәуекелдің жары Махаббат та Instagram-ды белсенді жүргізетін блогерлердің бірі.   

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!