Браконьер Ақтөбе облысының тұрғындарына ақбөкеннің етін 35 мың теңгеден сатқан

 Браконьер Ақтөбе облысының тұрғындарына ақбөкеннің етін 35 мың теңгеден сатқан
Фото: polisia.kz

Полиция ақбөкендерді сату мақсатында заңсыз аулау фактілерін анықтады. Жергілікті үш тұрғын ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

2 желтоқсанда Ақтөбеде полиция қызметкерлері ВАЗ автокөлігін тоқтатты, көліктің жүксалғышынан екі қап ақбөкен өлексесі табылды.

Осыдан кейін Шалқарда жедел тергеу шаралары аясында өзінің гаражында ақбөкеннің етін бөлшектеп жатқан кезінде үш жергілікті тұрғын ұсталды. 

Ұсталғандардың бірінің гаражынан ақбөкеннің 8 ұшасы, ақбөкеннің 6 мүйізі, ал УАЗ көлігінен тағы бір ұшасы табылды.

Күдіктілердің екеуі ашық жерде жайылып жүрген ақбөкендерді ату мақсатында Урал мотоциклімен далалыққа шығып, жануарларды Шалқар тұрғындарына сатпақшы болғаны анықталды. Ұсталғандар 11 ақбөкенді атып алған. Олар бір ұшаны 35 мың теңгеге сатқан. 

Ақбөкендерді заңсыз аулау және жою фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан