Қырғызстан президенті Садыр Жапаров шетелде жүрген кейбір отандастарын сынға алып, ел экономикасына үлес қосып жүрген еңбек мигранттарына алғыс білдірді. Бұл туралы ол Таласта өткен Қырғызстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған мерекелік шарада айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kg-ге сілтеме жасап.
Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына тоқталған Қырғызстан басшысы мәңгүрт бейнесін және өз тарихын, тілін, мәдениетін ұмытқан қоғамның қасіретін сөз етті. Кейін ол шетелде жүрген кейбір отандастарын сынға алды.
"Кейбір азаматтарымыз шетелде жүріп, сол жақтан тапқан бір үзім наны үшін өз елінде болып жатқан жақсы істердің өзінен мін іздеп, мәңгүрттік танытып жүр. Біз оларды тәрбиелеуге, жөнге шақыруға тырысамыз", - деді Садыр Жапаров (қырғыз тілінен аударылғанда).
Қырғызстан президенті нақты кімдерді меңзегенін және қандай шаралар қолданылатынын нақтыламады.
Кейінірек сол сөзінде Жапаров ондаған жылдар бойы Қырғызстаннан тыс жерде өмір сүріп, еңбек етіп жүрген отандастарына қайырылды. Ол туған жерден жырақта жүргенде елге деген сүйіспеншілік пен оның қадірі ерекше сезілетінін атап өтті.
"Сіздер кейінгі 35 жыл бойы Қырғызстан экономикасының бір бөлшегі болдыңыздар. Ол үшін Қырғыз мемлекетінің әрбір басшысы сіздерге алғыс айтуға тиіс", - деді Қырғызстан президенті.
Жапаров елде өткен ірі халықаралық шаралардан кейін шетелдегі отандастарының Қырғызстанды мақтан тұтып, ерекше ықылас білдіргеніне әсерленгенін де айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!