Бір үйде бірнеше пәтер коммуналдық қызметке қарыз болса, тұтас үйді жарықтан айыру қаншалық дұрыс?

Көпқабатты тұрғын үйде бірнеше пәтер коммуналдық қызметке қарыз болса, тұтас үйді жарықтан айыру қаншалық дұрыс? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтың жауабын адвокат Альбина Бахтиярқызынан сұрады.

Адвокаттың айтуынша, елімізде коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсыну - өнім беруші мен тұтынушы және/немесе заңда белгіленген тәртіппен қызметтің әрбір түрі бойынша шарт жасасуға уәкілеттік берілген өзге тұлға арасында жасалған келісім негізінде жүзеге асырылады. Яғни әр тұтынушымен жеке шарт жасалады, жеке есептік шоты болады. Бұл құқықтық қарым-қатынас.

"Заңға сәйкес коммуналдық мекемелер тұтас үйді жарықтан айыруға немесе басқа қызметтерден ажыратуға құқығы жоқ. Қарызы бар тұрғындарға қатысты шаралар қабылдануы мүмкін, бірақ төлемдерін уақытылы төлеп отырған пәтер иелеріне қатысты қызметті тоқтату заңға қайшы. Коммуналдық мекемелер борышкерлерді жеке негізде жауапкершілікке тартуы тиіс", - деп түсіндірді Альбина Бахтиярқызы.

Фото: depositphotos.com

Осы тұста көрсетілетін коммуналдық қызметтердің тізбесін және оны ұсынудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2020 жылғы 29 сәуірдегі №249 бұйрығы бар екенін ұмытпаған жөн. 

Тұтынушы осы бұйрықтың 20 тармағына сәйкес:

  1. өз өмiрi мен денсаулығына қауiпсiз, мүлкiне зиян келтiрмейтiн белгiленген сападағы коммуналдық көрсетілетін қызметтерді алады;
  2. көрсетілетін қызметтерге бағаларды (тарифтерді) белгілеу тәртібі туралы ақпаратты осы көрсеткіштерді бақылайтын тиісті мемлекеттік органдардан алады;
  3. жеткізушінің кінәсінен болған коммуналдық қызметтерді көрсетудегі кемшіліктер салдарынан өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген шығын мен залалдың толық өтелуін, сондай-ақ моральдық залалдың орнын толтыруды жеткізушіден талап етеді;
  4. жеткізушіден жылу энергиясымен, электр энергиясымен және сумен жабдықтау жөніндегі көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуді қайта есептеуді және шарттың талаптарына сәйкес коммуналдық көрсетілетін қызметтерді жеткізбеу немесе сапасыз жеткізу нәтижесінде келтірілген нақты залалды өтеуді талап етеді;
  5. уақытылы ақы төлеген кезде өзіне қажетті көлемде энергия мен суды пайдаланады және техникалық шарттарға сәйкес қосу үшін рұқсат етілген қуаттан артық пайдаланбайды;

Мұндай жағдайда мекеменің заңға сай әрекеті қандай болуы қажет?

Мекеме алдымен қарызды өтеу жөнінде қарызы бар тұрғынға хабарласып, ескерту жіберуі тиіс. Егер ескертуге қарамастан, қарыз өтелмесе, коммуналдық мекеме заңнамаға сәйкес сотқа жүгініп, қарызды өндіріп алуға құқылы. Қызметті үзуді жоспарлағанда мекеме тек қарызы бар пәтерді ғана ажыратуға құқылы, бірақ басқа тұтынушыларға қолайсыздық тудырмауы қажет.

Фото: depositphotos.com

Өзге пәтер иелерінің кесірінен сусыз, жарықсыз, жылусыз қалғандар не істей алады?

"Егер кейбір пәтерлердің қарызына байланысты бүкіл тұрғын үй сусыз, жарықсыз, жылусыз қалса, зардап шеккен пәтер иелері коммуналдық мекемеге немесе басқарушы ұйымға шағыммен жүгінуі керек. Сонымен қатар тұрғындар өз құқықтарын қорғау үшін прокуратураға, монополияға қарсы органға немесе сотқа шағымдана алады", - деді адвокат.

Сондай-ақ бұған дейін көрсетілген бұйрықтың 34-тармағына сәйкес: 

Жеткізуші көрсететін коммуналдық қызметтерді ұсынбау немесе сапасы төмен мемлекеттік қызметтер көрсету фактісін куәландырудан бас тартқан кезде тұтынушы акт жасауға және жазбаша өтініш жазуға құқылы. Олар:

  1. коммуналдық қызметтер көрсетуден бас тартудың (ажыратудың) немесе оны сапасыз жеткізуің басталған уақыты;
  2. коммуналдық көрсетілетін қызметтер сапасы нашарлауының сипаты;
  3. өтінім берудің уақыты және оны тіркеу нөмірі (жеткізушінің журналы бойынша);
  4. коммуналдық көрсетілетін қызметтерді қалпына келтіру уақыты (оның сапасының қалыпқа келуі);
  5. коммуналдық көрсетілетін қызметтер болмаған (сапасының нашарлаған) кезеңі.

Бұл өтінішке және актыға сол көппәтерлі тұрғын үйде тұратын тұтынушы және кемінде екі адам қол қояды, оның ішінде:

  • үй кеңесінің мүшесі;
  • мүлік иелері бірлестігінің төрағасы немесе жай серіктестіктің сенім білдірілген адамы не көппәтерлі тұрғын үйді басқарушы немесе басқарушы компания не пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иесі тікелей бірлескен басқару кезінде және өнім берушіге жолданады.

Егер дау тараптардың келісімі бойынша шешілмесе, тұтынушы сотқа жүгінеді.

Фото: depositphotos.com

Зардап шеккендер жауапты мекемеден өтемақы талап ете ала ма?

Егер коммуналдық қызметтер заңсыз түрде тоқтатылса және бұл тұтынушыларға шығын келтірсе, олар жауапты мекемеден өтемақы талап етуге құқылы. Мұндай өтемақыны алу үшін тұтынушылар өз шығындарын құжаттайды және сотқа жүгіне алады.

Аталған жағдайға кім жауапты?

Әдетте, бұл жағдайда жауапкершілік коммуналдық қызмет көрсетуші мекемеге жүктеледі, себебі олар қызмет көрсетудің үздіксіздігін және заңға сәйкес әрекет етуді қамтамасыз етуі тиіс. 

Оған қоса тұрғын үйді басқаратын ұйымдар да (ПИК) тиісті бақылау мен ақпараттандыру шараларын дер кезінде қабылдауға жауапты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!