“Бір сыныпқа 46 оқушы қабылданған“. Астанада ата-аналар шу шығарды

“Бір сыныпқа 46 оқушы қабылданған“. Астанада ата-аналар шу шығарды
Фото: depositphotos.com

Баласын Астанадағы №35 мектепке бергелі отырған ата-аналар шу шығарды. Олар бір сыныпта осынша бала оқитын болса, білім жайына қалады деп наразы. Сондықтан мектеп басшылығынан екі сынып жасақтауды сұрайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Седьмой канал" арнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, Астанадағы №35 мектепте биыл 1-сыныпқа 120-дан аса бала қабылданған. 46-сы орыс тілінде оқытатын сыныпқа жазылған. Ата-аналар "46 бала бір сыныпта қалай сабақ оқиды?" деп алаңдаулы.

"Бір сыныпта 45 бала оқығаны нормаға сай емес. Балалар бір-бірінің басына отырып сабақ оқи ма? Екіншіден, әр оқушының дайындығы әртүрлі. Бірі сабақты тез ұғады, екіншісіне екі рет айту керек. Мұғалім 40-45 минутта сабақты 45 балаға жеткізе ала ма? Білім жайына қалады деген сөз", - дейді ата-ана Мария Мокрушина.

Ата-аналардың айтуынша, былтыр да солай болған. Ал мектеп басшылығы бір сыныптағы бала саны қырыққа жетпейтінін мәлімдеді.

"Бізде оқушы саны қырықтан асатын немесе қырыққа жететін сыныптар жоқ. Оның бәрі - жалған ақпарат. Біз олай отырғызбаймыз. Өйткені ол, біріншіден, мұғалімге де ауыр. Бірінші сынып болғаннан кейін оның жүктемесі және жауапкершілігі жоғары. Сынып бөлмелеріне де сыймайды", - дейді №35 мектептің директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлниса Жаппарова.

Қалалық білім басқармасының мәліметі бойынша биыл Астанада бірінші сыныпқа 31 мың бала барады. Былтырғыдан 3 мыңға артық.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget