Жыл сайын жаз мезгілінде елордалық дәрігерлер ата-аналарға балалар үшін маусымдық ең үлкен қауіптердің бірі – терезеден құлау оқиғалары туралы ескертіп келеді. Мектеп демалысы кезінде мұндай жағдайлар жиілей түседі.
"Мұндай оқиғалардың басым бөлігінің алдын алуға болатын еді. Қайғылы жағдайға ересек адамның телефон қоңырауына алаңдауы, үй шаруасымен айналысуы немесе басқа бөлмеге шығып кетуі сияқты бір минуттың өзі жеткілікті", – дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, зардап шегетіндердің басым бөлігі – бір жастан алты жасқа дейінгі балалар. Олар терезе алдына оңай шыға алғанымен, биіктіктің қауіпті екенін әлі толық түсіне бермейді.
Дәрігерлерді ерекше алаңдататыны – москит торы баланы қорғайды деген жаңсақ түсінік.
"Москит торы қауіпсіздік құралы емес. Ол баланың салмағына шыдамайды және аз ғана қысымның өзінде баламен бірге құлап кетеді. Өкінішке қарай, көптеген қайғылы жағдайдың себебі де осы", – дейді дәрігер.
Тіпті аз биіктіктен құлаудың өзі бас-ми жарақатына, омыртқа мен аяқ-қол сүйектерінің сынуына, ішкі ағзалардың зақымдануына әкелуі мүмкін. Көп жағдайда балаларға күрделі ота жасалып, ұзақ уақыт оңалтудан өтуге тура келеді.
Астанада мұндай оқиғалардың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Жаз мезгілінің басталуымен медициналық ұйымдар, Төтенше жағдайлар департаменті, полиция бөлімшелері және білім беру мекемелері халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейтеді. Профилактикалық рейдтер мен үй-үйді аралау барысында мамандар ата-аналарға қауіпсіздік ережелерін еске салып, жадынамалар таратады, емханаларда, балабақшаларда және тұрғын үй кешендерінде түсіндіру жүргізеді.
Ата-аналарға терезелерге арнайы қауіпсіздік бекіткіштерін орнату, балаларға арналған құлыптарды пайдалану және кішкентай балаларды ашық терезенің жанында қараусыз қалдырмау қажеттігі ескертіледі.
"Ата-аналарды қауіпсіздік мәселесін кейінге қалдырмауға шақырамыз. Бүгін-ақ терезелеріңізде ашылуды шектейтін құрылғылардың бар-жоғын, терезе алдындағы жиһаздың алынып тасталғанын және баланың терезені өздігінен аша алмайтынын тексеріңіз. Осындай қарапайым шаралар баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін", – деп атап өтті дәрігер.

Мамандар балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің қырағылығынан басталатынын еске салады. Бала демалыс кезінде үйде болғандықтан, қауіпсіз орта қалыптастыру жауапкершілігі ата-ананың мойнында. Қарапайым сақтық шаралары мен тұрақты бақылау кейін орны толмас қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.
Астана әкімдігі ұсынған материал
Massaget.kz