Бір сарбаздың тағдыры: балалық шақтан майдан даласына дейін

Бір сарбаздың тағдыры: балалық шақтан майдан даласына дейін
Фото: Жеке архивтен

Ұлы Отан соғысы – адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Миллиондар өмірін өзгерткен бұл соғыс ерлік пен қайсарлықтың жаңа парағын ашты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сол парақтарда Рамазан Қалиұлы Бутабаевтың аты ерекше орын алады. Ол – тек майдангер ғана емес, бейбіт өмірде де елге адал қызмет еткен тұлға. Бүгін біз оның тағдырлы өмір жолына, майдандағы ерлігіне және ұрпағына қалдырған рухани мұрасына тоқталамыз.

Майданға дейінгі ауыр тағдыр

1925 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында дүниеге келген Рамазанның балалық шағы да соғыс жылдарындай ауыр болды. 1937 жылы туған ағасы Байғабыл "Халық жауы" деген жаламен ату жазасына кесіліп, бұл отбасы үшін орны толмас қайғы болды. Осы әділетсіздік Рамазанның бойында Отанға деген махаббат пен әділдікке деген ұмтылысты оятты.

1942 жылдың желтоқсанында небәрі 17 жасында майданға аттанған Рамазан ерлікке бастар жолын Ақсуаттан бастады. Жол-жөнекей қатаң аяздан қаншама сарбаз көз жұмды. Бірақ ол шыдады. Оның ішкі қуаты мен табандылығы соғыс даласында ерекше көрінді.

Майдан даласындағы ерлік

Рамазан Бутабаев Екінші Украин майданында шайқасып, алғашқы әскери қызметін 58-ші атқыштар батальонында бастады. Кейін зеңбірек және батальон командирі ретінде де ерекше көзге түсті. Ол Курск түбіндегі қырғында, Киев пен Берлинді азат ету шайқастарында батырлық көрсетті. Тіпті соғыс кезінде ұрыс даласында үзеңгілесі Николай Емельяновты өлімнен аман алып қалды. Бұл ерлік 35 жылдан кейін, 1978 жылы Семейде қайта табысқан сәтте шынайы алғыспен еске алынды.

Ұлының айтуынша, соғысқа бірге кеткен сарбаздардың ішінде тірі қалған жалғыз адам — өзі ғана. "Әкем әрдайым алдыңғы шепте жүрді. Ол үшін бұл тек соғыс емес, Отан алдындағы парыз еді", – дейді Ертіс Рамазанұлы.

Бейбіт күндердегі қызмет

Соғыстан кейін Рамазан Бутабаев елге аға лейтенант шенімен оралып, Семей педагогикалық институтының тарих факультетін тәмамдайды. Мұғалімдікпен бастап, кейін аудандық партия органдарында еңбек етті. Ол ел арасында әділдігімен, білімділігімен, талапшылдығымен ерекшеленді.

"Әкем бізге білім алудың маңызын үйретті. Оның әрбір сөзі – тәрбие, әрбір ісі – өнеге еді", – деп еске алады ұлы.

Рамазан Бутабаевтың ерлігі мен қызметі лайықты бағаланды. Ол Қызыл Жұлдыз орденімен, Ұлы Отан соғысы ордендерімен және Қазақстанның "Құрмет" орденімен марапатталған. Бұл марапаттар – оның халқы алдындағы адалдығының, батырлығының дәлелі.

Оның ұлы Ертіс: "Әкемнің өмірі – тек отбасы үшін емес, ел үшін де үлкен өнеге. Ол бізге тек әке ғана емес, нағыз патриоттың бейнесі болды", – дейді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget