Бір сағатқа артқа жылжығанда қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді?

Бір сағатқа артқа жылжығанда қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді?
Фото: depositphotos.com

Бүкіл Жер беті меридиан бойынша 24 сағаттық белдеуге бөлінген. Тарихқа сүйенсек, белдеулік уақыт ұғымы КСРО-да 1919 жылы енгізілген. Бүгінде Қазақстан аумағын 2 сағаттық белдеу алып жатыр. Былтыр желтоқсанда елімізде уақыт белдеуінің өзгеруіне қатысты Үкімет қаулы жариялады. Құжат бойынша Астана, Алматы, Шымкент және республиканың тағы 12 облысында сағат тілі өзгеріп, бір уақыт белдеуіне ауысуы керек. Бұл қазақстандықтардың өміріне қалай әсер етеді? Massaget.kz тілшісі шолу жасады. 

2023 жылғы 8 желтоқсанда жарияланған қаулыда қай облыстарда жергілікті уақыт 1 сағатқа ауысатыны айтылған еді.

Қай қала мен облыста өзгеріс енгізіледі?

  • Астана
  • Алматы
  • Шымкент қалаларында;
  • Абай
  • Ақмола
  • Алматы
  • Жамбыл
  • Жетісу
  • Қарағанды
  • Қостанай
  • Павлодар
  • Солтүстік Қазақстан
  • Түркістан
  • Ұлытау
  • Шығыс Қазақстан облыстарында.

2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа ауыстырылады. 

Massaget.kz

Бұл өзгеріс кез келген салаға әсер ететіні сөзсіз. 

Әуе билеттеріне қатысты

Бұған дейін Көлік министрлігінде бұған қатысты кеңес өтті. Онда әуе компаниялары мен әуежайларға жолаушыларды уақытылы хабардар ету және билеттерді брондау әрі сату бойынша жүйелерді жаңарту бойынша тиіс жұмыс жүргізу туралы тапсырма берілді.

Осыған байланысты Астана, Алматы, Шымкент, Көкшетау, Тараз, Балқаш, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Түркістан, Өскемен, Семей, Талдықорған және Жезқазған қалаларына/қалаларынан рейстерге әуе билеттерін сатып алған жолаушыларға ұшу уақыты 2024 жылғы 1 наурыз сағат 00:01-ден басталатын (Астана уақыты бойынша - еск.) рейстер бойынша нақты ақпаратты әуекомпаниялардың сall-орталықтары мен арнайы қосымшалары арқылы, сондай-ақ әуежайлардың анықтамалық қызметтерінен нақтылау қажет.

Коммуналды қызметтерге қатысты

KEGOC акционерлік қоғамының басшысы Нәби Айтжанов уақыт белдеуіндегі өзгеріс энергетикалық жүйеге қалай әсер ететінін айтты. Айтжановтың айтуынша, электр қуатын тұтыну көп болса 1 сағатқа ұзарады.

"Бұл өзгеріс соншалықты әсер етпейді. Иә, электр қуатын тұтыну көлемі кішігірім мөлшерде ұлғаяды. Электр қуатын белсенді тұтынатын кезең қосымша бір сағатқа ұзарады. Біздің жүйе оған дайын деп айта аламыз. Сондықтан ұлттық энергетикалық жүйеге мұндай үлкен алаңдаушылық жоқ", - деді KEGOC басшысы Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Мектеп

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қазақстан өңірлерінде бірыңғай сағат белдеуіне көшкенде мектепте сабақтың басталу уақыты өзгеруі мүмкін екенін айтты. 

"Оқу уақытына келетін болсақ, бұл жерде, әрине, қажет болған жағдайда сабақтың басталу уақытын қайта қарауға әкімдіктерге мүмкіндік береміз, ешқандай кедергі жоқ. Мысалы, 8:00-де сабақ басталатын мектептер сағат 8:30-да бастай алады. Мұнда әрбір ұйым мен әкімдікте дербес шешім қабылдауға болады", - деді Бейсембаев үкімет брифингінде.

Экономика, денсаулық, логистикаға қатысты

Денсаулық сақтау министрлігі уақыт белдеуін табиғи уақытқа сәйкес келтіру қазақстандықтардың денсаулығына жағымды әсер етеді деп санайды.

"Қазақстан халқының басым бөлігі өзінің географиялық уақыт белдеуінде тұрмайды. Сарапшылар тобы, профессор-физиологтар бұл мәселені жыл бойы зерттеді. Дененің физиологиясы мен қызметі, гормонал тепе-теңдік тұрғысынан біз UTC+5 уақыт белдеуіне ауыса отырып, денеміздің биологиялық сағатына сәйкес оянып, ұйықтаймыз деген пікірді ұстанамыз", - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адам ресурстары департаментінің директоры Дәулет Алдынғұров.

Кәсіп иелеріне қатысты 

Бірыңғай уақыт белдеуіне өткеннен кейін кейбір қазақстандық кәсіпкерлер касса аппаратындағы уақыт параметрлерін қолмен өзгертуге тура келеді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті ескертті. 

"Аппараттық-бағдарламалық кешендер санаатын бақылау-касса машиналарында (бұл компьютерде немесе смартфонда орнатылған бағдарламалар) баптау 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-де бағдарламалық қамтамасыз ету өндірушілерінің серверлерінде автомат режимде жүргізіледі.

"Темір" бақылау-кассалық машиналарда уақытты баптауды 2024 жылғы 29 ақпаннан кейін машиналарға қоса берілген пайдалану жөніндегі нұсқаулықтарға ("күн мен уақытты бағдарламалау" бөлімі) сәйкес дербес жүргізу қажет", - деп хабарлады МКК өкілдері. 

Әлемнің 175 елінде бірыңғай уақыт белдеуі орнатылған. Бір уақыт белдеуінде барлығы 22 мемлекет тұрады.

Ал телефон мен компьютерде қандай өзгерістер жасау керек?

Жалпы ұсыныстар:

  • Интернет байланысын тексеріңіз. Уақытты автомат түрде жаңарту үшін құрылғы желіге қосулы болуы керек.
  • Уақытты автомат түрде жаңартуды қосыңыз. Көптеген құрылғы онлайн уақыт қызметтерін пайдаланып күн мен уақытты автомат түрде жаңартуға мүмкіндік береді.
  • Құрылғыны қайта іске қосыңыз. Кейде өзгертулер күшіне енуі үшін қайта іске қосу қажет. 

Айта кетейік, бұған дейін 1 наурыздан бастап жұма намазының уақыты өзгеретіні хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек