Алматыда жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан электрик бағана үстінде тоққа түсіп, көз жұмды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Медеу ауданының Горводопровод көшесінде болды. Тұрғындар бұл маңда жарық жиі өшетінін айтады. Бұл жолы да электрикті тұрғындардың өзі шақырыпты. Олардың сөзінше, маманның көз жұмуына қауіпсіздік ережелері сақталмауы себеп, бұдан бөлек қолайсыз ауа райы да әсер еткен болуы мүмкін.
"Біз үшін күтпеген жағдай болды. Маман көз жұмған соң, сол орнында бір сағаттан аса уақыт жабысып тұрды. Кеше күні бойы қалың қар жауды ғой. Мәселе сонда болуы мүмкін. Оның үстіне электриктің өзі де дайындықсыз келген сияқты. Үстінде арнайы киім болғанымен, саты, басқа да құрылғыларды көршілерден алды. Басшылық мұны қадағалауы тиіс деп ойлаймын", - дейді қала тұрғыны Серікбол Қайрамбаев.
Телеарна мәліметінше, бұл желілер Алматы қаласының коммуналдық меншігінде. Оларға осы уақытқа дейін "EC Energy Qazaqstan" компаниясы қызмет көрсетіп келген. Бұл жекеменшік компания тұрғын үйді электрмен жабдықтауға рұқсатсыз қоспақ болған.
"Тиісті жұмыстар өз бастамалары бойынша жүргізілді",- дейді әкімдік өкілдері.
Қалалық энергетика эәне сумен жабдықтау басқармасының бөлім басшысы Мерей Оңғаров осы жайтқа қатысты пікір білдірді.
"Медеу ауданындағы Горводопровод көшесіндегі тұрғын үйдің жанында "EC Energy Qazaqstan" қызметкері тұрғын үйді электрмен жабдықтауға рұқсатсыз қосу кезінде электр тоғына ұшырады. Бұл жұмыстар басқарма және Алатау Жарық компаниясы жағынан келісілмеген және хабарланбаған", - деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!